Sailau banner

Білім

әл-Фараби мектеп-лицейінде Конституцияға қатысты өзгерістер талқыланды

Жаңа Конституция жобасы әл-Фараби мектеп-лицейінде талқыланды. Қаузалған тақырып – білім саласы. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген, мөрі басылмаған құжаттың 33-ші бабы ой таразасына түсті.

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей бастауыш және орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және орта білім мiндеттi.

2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар.

3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

4. Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.

5. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.))

Жиын қатысушылары осылардың әрқайсысына тоқталды. Өздерінің пікірлерін білдірді. Қосымша ақпарат ретінде бейнематериалдар дайындалған. Ұстаздар қауымы соларды тамашалап, жобамен тереңірек танысты.

Ұстаздар жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан білім саласына қатысты нормаларды қолдайды. Олардың пікірінше, өзгерістер әр оқушының мүмкіндігін кеңейтіп, оқу сапасын арттыруға жол ашады.

ЖАМБЫЛ МОЛДАШЕВ, әл-Фараби мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі:

— Референдумда бөлімдер мен баптарға бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылуда. Осындай маңызды мәселелерді бүкілхалықтық талқылауға ұсыну – ашықтық пен демократиялық ұстанымның айқын көрінісі деп санаймын. Ел болашағына қатысты шешімдердің халық пікіріне сүйене отырып қабылдануы – аса маңызды қадам. Біз референдумның өтуін бірауыздан қолдаймыз және ел дамуына оң ықпал етеді деп сенеміз.

Бүгінгі таңда әл-Фараби мектеп-лицейінде 42 ұстаз еңбек етеді. 400-ге жуық оқушы білім алуда. Шәкірттердің 31-і – биылғы түлек.

 

Жангельді Жамалиев