Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде “Адал азамат – біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында «Адал азаматтарды тәрбиелеу арқылы болашақ қоғамды қалыптастыру» атты облыстық семинар өтті. Оның өткізілуіне ұйытқы болып отырған – Әдістемелік орталық. Шараға арнайы орта білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін 70-тен астам тәрбие ісінің орынбасарлары мен жас мамандар қатысты.
ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, “Әдістемелік орталық” КММ бөлім жетекшісі:
— Бүгінгі семинарда бізде 3 секция болады. Олардың ішінде шеберлік сыныптар, ашық сабақтар және заң мен тәртіп тұжырымдамасы аясында іс-шаралар өтеді.
Бүгінгі семинарға қатысып жатқан жандардың бірі – Азиза Құрманғужена. Жас маманның еңбек өтілі 5 жылды құрайды. Ол – Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінде қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Бұл оның бірінші семинары емес. Педагогтың сөзінше, аталмыш іс-шаралар арқылы ол тәжірибесін арттырып, жаңа оқыту әдістерін үйренді.
АЗИЗА ҚҰРМАНҒУЖЕНА, Петропавл қаласы қызмет көрсету саласы колледжінің педагогы:
— Облыстық семинарлардың бірнешеуінде болдым. «Адал азамат» жобасы аясында біздің білім ордамызда да тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Бұл семинарда спикерлерден ақпараттық коммуникациялық технологиялар бойынша үлкен тәжірибе алдық. Бұл жас мамандардың жаңа технологияларды үйренуіне өз үлесін қосады.
Айта кетейік, жыл басынан бері әдістемелік орталық мамандары 14 облыстық семинар мен 90-нан астам ашық сабақ өткізді. Аталмыш іс-шаралардан аудандық білім мекемелері де шет қалып жатқан жоқ.
