Облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде жаңа робототехника кабинеті ашылды. Бұл – оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Сынып замануи құрал-жарақтармен жабдықталған. Мұнда 3D принтер, конструкторлар, робот жасайтын бірнеше платформа бар. Талапты жастар осылар арқылы құлтемір құрастырып, бағдарламалау мен модельдеуді үйренеді. 9-шы сынып оқушысы Махаббат Абай екі робот дайындап қойған. Өзі осы мектепке жақында ғана ауысыпты. Құлтемір құрастыруға ынтасы мен иекемі бар.
МАХАББАТ АБАЙ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
— Мен құнды заттарды сақтауға болатын сандықша және билейтін адам жасадым. Екеуі де жүйе арқылы жұмыс істейді.
Жаңа кабинет балалардың ойлау қабілетін дамытады. Болашақта білікті инженер, информатик немесе өнертапқыш болуға жол ашады. Қазіргі таңда үйірмеге 10-нан астам оқушы жазылған.
ЛӘЗЗӘТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
— Оқушыларымыз жасанды интеллекті және техникаларды жасап үйренуі үшін осы кабинетті ашып отырмыз. Енді ұл-қыздарымыз түрлі жоба дайындап, жоғарыдан көрінсе екен дейміз.
Айта кету қажет, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 2 мыңға жуық бала білім алуда.
Мәдина Қаби
