28 жастағы өңір тұрғыны 15 капсулаға құйылған сұйық есірткімен ұсталды. Петропавлда гараждар аумағының бірінде тәртіп сақшылары күдікті болып көрінген «Volkswagen Golf» автокөлігін тоқтатқан. Тексеріс барысында темір тұлпардың ішінде отырған ер адамның бел сөмкесінде сұйық май тәрізді зат құйылған 5 капсула мен шылым шегуге арналған құралдар анықталады. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген заттар каннабис сығындысы, яғни, гашиш майы болып шықты. Бұдан кейін, полиция қызметкерлері қылмыскердің үйіне барып тағы есірткі заты құйылған 10 және бос жатқан 24 капсула тапқан. Медициналық сараптамаға сәйкес облыс аудандарының бірінде тұратын ер адамның есірткі қолданатыны белгілі болды. Күдіктінің айтуынша, ол 2 ай бойы есірткі сатушы болып жұмыс істеген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ер адам 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
