Sailau banner

СҚО әкімдігі

СҚО-да «TOMIRIS» құрамасының жауынгеріне құрмет көрсетілді

СҚО ПД жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы Дарина Білденова Дубай қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстанның «Tomiris» әйелдер құрамасының жеңісіне айрықша үлес қосты. 7-11 ақпан аралығында өткен турнирге әлемнің 48 елінен 109 үздік команда қатысты. Қазақстандық «Tomiris» командасы жалпы есепте 18-орынды иеленіп, әйелдер командалары арасында бірінші орынға көтерілді. Облыс әкімі атынан жауынгерді оның орынбасары Жүсіп Жұмағұлов шын жүректен құттықтап, жетістігін жоғары бағалады.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ,СҚО әкімінің орынбасары:

— Бұл ерекше жетістік – темірдей тәртіптің, жүйелі дайындықтың және жанқиярлық еңбектің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды құттықтап, олардың жоғары кәсіби шеберлігі, физикалық және жауынгерлік дайындығы, сондай-ақ жеңіске деген жігері мен шынайы патриотизмін жоғары бағалады. Президенттің ерекше алғысы «Tomiris» әйелдер арнайы жасағына арналды, құрамында жерлесіміз Дарина Білденова өнер көрсеткен команданың жеңісі – ел үшін нағыз мақтаныш.

Сайыстың бағдарламасы бес кезеңнен тұрды. Қазақстандық әйелдер командасы сынақтардан сүрінбей өтті. Халықаралық жарысқа дайындық алты айға созылып, қатаң тәртіппен өткен. Дарина Білденова турнирдің барлық күндерінде негізгі құрамда өнер көрсетіп, әлемнің ең мықты жауынгерлерімен тең дәрежеде күрделі тактикалық және атыс тапсырмаларды орындады.

ДАРИНА БІЛДЕНОВА – СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы:

— Бірінші күні автоматты қару мен тапаншамен жұмыс істедік. Біздің мерген зардап шеккен адамның манекенін алып шықты. Екінші күні ғимаратқа шабуыл жасау кезеңі болды. Әр күн ауыр өтті, бірақ тыңғылықты дайындық пен нұсқаушыларымыздың қолдауының арқасында осындай нәтижеге жеттік. Президентпен кездесу алдында қатты толқыдым. Жауапкершілік өте жоғары болды.

Қызметкерге алғыс пен мақтау сөздері шын жүректен айтылды. Әріптестері, басшылық, спорт саласының өкілдері мен кәсіпкерлер оның жетістігін кәсібиліктің, табандылықтың және қызметке адалдықтың айқын үлгісі деп жоғары бағалады.