Салық кодексіндегі негізгі өзгерістердің бірі – арнаулы салық режимдерін оңтайландыру. 2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бизнес субъектілеріне 3 арнаулы салық режимінің бірін таңдау мүмкіндігі ұсынылды. Бұрын бұл көрсеткіш 7-еуі еді.
– өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим,
– жеңілдетілген декларация негізінде арнаулы салық режимі,
– шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар құлақ түруі қажет. Бұл санаттағы жандар салық төлеушінің кабинеті, мобильді қосымша немесе банк қосымшалары арқылы жаңа жеңілдікті режимді көрсетуі керек. Егер көрсетпесе, 1-ші наурыздан бастап автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарылады. Әзірге өңірде 2497 тұлға талапты орындаған.
АМАНЖОЛ ЖАҚАНОВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
— Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін (АСР) қолдануды жоспарлайтын салық төлеушілер 2026 жылғы 1-ші наурызға дейін салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынуы қажет. Хабарламаларды берудің соңғы күні ағымдағы жылдың 28-ші ақпаны екеніне назар аударамын. Хабарлама ұсынылмаған жағдайда салық төлеуші 2026 жылғы 1-ші қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын болып танылады. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлердің 75% жеңілдетілген декларация негізінде хабарламалар беріп, арнаулы салық режимін растады. Қалғандары әлі әрекет жасамады.
Ал шаруа және фермер қожалықтары үшін қолданыстағы салық салу тәртібі сақталды, салық жеке табыс салығы түрінде төленеді. Бірыңғай жер салығы жойылды. Бұл режимге көшуді мемлекеттік органдары 1-ші наурызға дейін автоматты түрде жүзеге асырады.
Байболат Құлтанов
