Конституция жобасын қолдауға арналған референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабтың мүшелері М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде болды. Басты мақсат – ұжымға жаңа Ата заң жобасының мазмұнын түсіндіріп, алда өтетін референдумға шақыру. “Отандастарымыз ел тағдыры шешілетін науқанға бейжай қарамауы тиіс” – дейді Ербақыт Амантайұлы.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, СҚО бойынша референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабтың мүшесі:
— Жаңа Конституцияда білім беру мекемелерінде діни атрибуттарға жол жоқ екені көрсетілген. Мен бұл шешімді дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар, Ата заңға “Цифрлық құқық” деген термин енгізілді.
Жаңа Конституция – көпұлтты қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған қадам. Оған дәлел, Ата заң преамбуласында бірлік, этносаралық ынтымақтастық мемлекеттің негізі ретінде бекітілген. Ал мызғымас құндылықтарға еліміздің Тәуелсіздігі, Егемендігі, унитарлығы енгізілген. Білім ұясының ұстаздары енгізілетін өзгерістерге оң көзқараспен қарайды.
ҚУАНЫШ ДӘРМЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі:
— Осы білім саласына да өте көп көңіл бөлінген. Цифрландыру жүйесі, цифрлық сауаттылық та жақсы айтылған. Білім сапасына қатысты жауапкершілік мемлекет тарапынан да қадағаланады. Міне, осы жері де өте ұтымды деп ойлаймын.
Шара барысында педагогтер өз сауалдарын қойып, пікір алмасты. Мұндай кездесулер қоғамның құқықтық сауаттылығын арттырып, реформаның мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Нұрасыл Ахмет
