ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Дәл қазір біз тұрған аумақта өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға бағытталған жаппай рейд өтіп жатыр. Жұмыс топтары үйлерді аралап, тұрғындардың тұрмыс жағдайымен танысып, көмекке мұқтаж жандарды анықтауда. Мамандар зорлық-зомбылық белгілеріне ерекше назар аударып, тіркелген әрбір жағдай бойынша тиісті қолдау шараларын ұйымдастырмақ.
Мұндай рейдтер – жай ғана тексеру емес, тағдыр таразысына түскен отбасылардың тыныс-тіршілігін бағамдауға бағытталған маңызды қадам. Себебі әрбір жабық есіктің ар жағында алаң мен үміт, үнсіздік пен көмекке мұқтаж жан болуы мүмкін. Сондықтан мамандар тек құқық бұзушылық белгілерін анықтап қана қоймай, отбасындағы ахуалдың түпкі себептеріне үңіледі.
Қазіргі уақытта өңірде профилактикалық есепте 170-ке жуық қолайсыз отбасы тіркелген. Сонымен қатар, отбасында жанжал тудырғыш 270-тен астам азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, олардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына қадағалау күшейтілді.
АЙГҮЛ БАСАНОВА, СҚО ПД ювеналды полиция тобының аға инспекторы:
— Жыл басынан бері мүдделі ведомствоаралық органдардың қатысуымен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде зорлық-зомбылыққа тап болған 10 отбасы анықталды. Осындай отбасыларды тексеру барысында ең алдымен олардың тұрмыстық жағдайына назар аударылады. Бұдан бөлек, бұрын тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар зерделеніп, кәмелетке толмаған балалардың жағдайы да ерекше бақылауға алынады.
Бұдан бөлек, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы аясында мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтар туралы мәліметтер жүйелі түрде жаңартылып отырады. Аталған базаға көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, жалғызбасты аналар және тәуекел тобына жататын өзге де азаматтар енгізіліп, оларға қажетті әлеуметтік көмек көрсету шаралары ұйымдастырылуда.
Жангельді Жамалиев
