Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Қолайсыз ауа райы: полицейлер профилактикалық шараларды күшейтті

Бұл – «Астана-Петропавл» автожолының 395-шақырымында болған оқиға. Күн боран, жол дұрыс көрінбейді. Өз бағытымен келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі жолдың сол жағында бір бағытта кетіп бара жатқан көлікті көреді. Қарама-қарсы жақта әріптесі келе жатқанын білген ер адам танысын рация арқылы ескертіп, апаттан құтқарып қалды. Жол жүру ережесін бұзған «DAF» көлігінің 38 жастағы жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айтуынша, ол боранның салдарынан бағытынан жаңылған. Полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты профилактикалық шараларды күшейтті.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

— Жүргізушілерге жол қозғалысы қауіпсіздігін және маневрді дұрыс жасау қажеттігін түсіндіреміз. Жолдың тайғақ болуы мүмкін екенін ескертеміз. Әсіресе салонда кәмелетке толмаған балалар бар жүргізушілерге ерекше назар аударамыз.

Мамандардың айтуынша таңғы сағат 4 пен 7 және кешкі 8 бен 12-нің аралығы жолда аса қауіпті уақыт болып саналады екен. Сондай-ақ, полицейлер көлік жүргізу кезінде телефон қолдану және жылдамдық асырудың да салдары соқпақты болуы мүмкін екенін айтуда. Жүргізуші жолда өзін жайсыз сезінген жағдайда жақын маңдағы кемпингке аялдағаны дұрыс. Жалпы, қаңтар айында облыста 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза тапқан, 36 адам жарақат алған. Адам өліміне әкелген апаттардың барлығы республикалық маңызы бар автожолдарда болған.

 

Мәдина Қаби