Он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Биыл жамағат ақпанның 19-шы жұлдызы мен наурыздың 19-ы аралығында бес парыздың бірін орындайды. Жаратқанның рақымы шексіз болатын кезеңде кешірім, жомарттық пен мейірім көрініс табуы тиіс. Таң атпай ауыз бекітіп, кешке құрма, су немесе сүтпен ашқан, жақсылық жасаған адам рухани тұрғыда тазарады. Ал игі амалдар біліп-білмей істеген қателіктердің кешірілуіне себеп болады.
ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:
— Жағдайы нашар туыстарыңыз, көршілеріңіз болса, жақсылық жасайық. Бұл ауыз бекітіп, тамақтан тыйылатын ай емес. Бұл – адам баласына жүріс-тұрысына мән беретін, есеп беретін ай.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде облыстың бас имамы Хамзат Әділбеков Рамазан айының мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Шариғат бойынша ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, денсаулығы мүмкіндік беретін әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Науқастар, жолаушылар, жүкті және бала емізетін азаматшалар, қарттар тізімге қосылмайды.
ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:
— Бұл айда ащы судан тыйылайық. Психологтардың, ғалымдардың айтуынша, адам бір істі 20 күннен артық қайталаса, бұл әдетке айналады. Жақсылықты Рамазан айынан кейін де жасауымыз қажет.
Рамазан айында оразаның кемшіліктерін толтыратын және мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында міндетті түрде Пітір садақасы беріледі. Биыл оның көлемі жан басына 735 теңге деп бекітілген. Ағымдағы жылы қасиетті Қадір түні наурыздың 17-ші жұлдызына қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі араға 3 күн салып атап өтілмек.
Байболат Құлтанов
