Референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі облыстық штабтың мүшелері этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Басқосу барысында спикерлер жаңа Ата заңның жобасына қатысты пікір білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов саяси науқанның маңызына тоқталды.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Мемлекет басшысы 15-ші наурызда жалпыұлттық референдум өткізу жайлы жарлыққа қол қойды. Ал келесі күні жаңа Конституция жобасы бұқаралық ақпараттық құралдарында ресми түрде жарияланды. Бұл құжаттың артында 6 айға созылған ауқымды әрі жауапты жұмыс тұр. Жобаны әзірлеуге Парламент депутаттары, мәслихат өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық кеңестер мен ғылыми-сарапшылық қауымдастықтар қатысты.
Кездесуде саяси өзгерістердің жалпы мазмұны мен стратегиялық бағыты да сөз болды. Өзгерістердің басым бөлігі мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға және тиімділігін арттыруға бағытталған.
СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, облыстық мәслихат депутаты:
— Референдум бәрімізге ерекше парыз болмақ. Президент өткен жылғы Жолдауында саяси жүйені реформалауға бастамашы болды.
Негізгі мақсаттардың бірі – бірпалаталы Парламентке көшу. Бұл өзгерістер заманауи сын-қатерлер мен жасанды интеллект дәуірінің талаптарын ескере отырып ұсынылып отыр. Өз басым өзгерістерді құптаймын.
Жиында диалог форматы да көрініс тапты. Референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штаб мүшелері ойларын ортаға салып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Жаннұр Бектурганова
