Sailau banner

Қоғам

Тасқынға дайындық: қала ішіндегі суағарлар қардан тазартылып жатыр

Қыс бойы жауған қар мен қоқысқа толған суағарлар тазартылып жатыр. Ағымдағы жылы көктем ерте келеді деген болжам бар. Күн күрт жылынған кезде жылғалар Есілге құяды. Суғар бітеу болса, сол маңды су басып жағдайы қиындауы мүмкін.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

— Біз коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге мұндай жұмыстарды жиі өткіземіз. Бүгін еріктілер де суағарларды қардан тазартуға көмектесіп жатыр. Жұмыс екі бағытта жүргізілуде: олар -Жұмысшы кентіндегі Лермонтов және Украинская көшелері, себебі бұл аумақта су басу қаупі жоғары.

Шараға 30-ға жуық волонтер қатысып жатыр. Олардың ішінде Мұса Әубәкіров те бар. Ол Жастар ресурстық орталығында 8 жылдан бері қызмет етеді. Айтуынша, суағарлар уақытылы тазартылмаса, кейін қар ерігенде жиналған су Украинская көшесіндегі үйлерге кіруі мүмкін.

МҰСА ӘУБӘКІРОВ, волонтер:

— Көктем жақындап қалды, ал оған дайындықты қазірден бастауымыз қажет. Өз басым мұндай шараларға жиі қатысамын.

Бұл – Юрий Шамрицкийдің баспанасы. Қария 85 жаста, есік алды қарға толған. Оны өз бетінше тазартуға күші жетпейді. Осы орайда мамандар суағарлармен ғана шектелмей, жер үйдің айналасын да ақ ұлпадан тазалап өтті.

ЮРИЙ ШАМРИЦКИЙ, қала тұрғыны:

— Құтқарушылар мен волонтерлерге алғысым шексіз. Үйімнің алдын мұнтаздай қылып тазартып жатыр. Петропавлға көшіп келгеніме 3 жыл болды. Әрдайым осылай көмектесіп отырады. Былтыр көктем мезгілінде де келіп, маңайымды қардан аршыған еді.

Айта кетейік, Петропавлда кәріздік желілердің ұзындығы 235 шақырымды құрайды. Оның жартысынан көбі жабық болса, қалғаны ашық жүйе болып саналады.

 

Ұлан Ыдырыс