Sailau banner

Мәдениет

Солтүстік нақышындағы бесбармақ дайындау бойынша шеберлік сабағы өтті

Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде солтүстік нақышындағы бесбармақ дайындау бойынша шеберлік сабағы өтті. Жастарға білген-түйгенін үйрететін – Қазақстан бас аспаздар қауымдастығының мүшесі Юрий Дубинин. Ұлттық тағам дастарханға әрдайым жоғары бағаланатындай күйде қойылу керек. Ол үшін етті баппен пісіру, қамырды дұрыс жаю және таңдайдан кетпестей тұздық құю керек. Осы және өзге де кеңес студенттерге, қаламыздағы тамақтану орындарында еңбек ететін мамандарға айтылды.

САЙРАН ХАМЗА, СҚО рестораторлар мен қонақ үй иелері қауымдастығының өкілі:

— Рамазан айында әр шаңырақта, әр мейрамханада бесбармақ дайындалады. Қасиетті ай қарсаңында осындай шара ұйымдастыруды жөн көрдік. Ұлттық тағам – біздің бет-бейнеміз. Қонаққа қоятын астан ұялмау үшін дайындау техникасын меңгерген абзал. Білікті маманның айтқандарын, көрсеткендерін болашақ аспаздар ұғынса дейміз.

Шеберлік сабағында бесбармақ “Ботай үлгісімен” дайындалды. Юрий Дубинин астауға салынатын мүшелерді атап тұрып суға салды. Қазы-қарта, жал-жаямен бірге қолқа да міндетті түрде болу қажет. Бұл – жылқы алғаш қолға үйретілген Солтүстік Қазақстан өңірінің өзіндік ерекшелігі. Еліміздің басқа аймақтарында қолқа астауға салынбайды.

ЮРИЙ ДУБИНИН, Қазақстанның бас аспаздар қауымдастығының мүшесі:

— Бесбармақ ұқыптылықпен, шыдамдылықпен дайындалу керек. Мен 1998 жылдан бастап қазақ халқының ұлттық тағамын зерттеп жүрмін. Әзірленуіне жаңашылдықтар да енгіздім. Мүшелердің табаққа салынуына да мән беру қажет. Бұл – бағаланатын жайттардың бірі. Тәжірибемді жастармен бөлісу – міндетім. Болашақ әріптестерім асты дайындаудың қыр-сырын меңгерсе екен деймін.

Бесбармақ бірнеше сағаттың ішінде әзірленеді. Аспаз студенттерге мүшелерді табаққа салумен қатар, тұздықты дұрыс құю тәсілін де көрсетті.

 

Жаннұр Бектурганова