Құрылыс – аса маңызды мәселелер туындап, әртүрлі деңгейде қаралатын сала. Шыны керек, бұл бағытта проблемалар жетерлік. Табалдырық тоздырған тұрғындардың, басы тауға да, тасқа да соғылған құрылысшылардың мәселесін шешу жолында елімізде “Қазақстан құрылысшылар одағы” жұмыс істейді. Бүгін өңірге аталған ұйымның өкілі Жамбыл Ахметбеков келіп, теріскейлік мердігерлермен кездесті. Саладағы басты түйткілдерді атап өтті.
ЖАМБЫЛ АХМЕТБЕКОВ, “Қазақстан құрылысшылар одағы” ЗТБ аппаратының басшысы:
— Көбінесе мердігерлер байқауға қатысқан кезде көп дүниені білмейді. Тиісті құжаттарды жинамайды. Мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдармен және әкімдікпен тығыз байланыста болуымыз қажет.
Биыл өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алады. Іске қазынадан 9 жарым млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл былтырғыға қарағанда 3 есеге көп. “Қазақстан құрылысшылар одағы” облыстық филиалының төрағасы Әміржан Шәкейдің сөзінше, ағымдағы жыл облыста бюджеттік емес, коммерциялық үйлер көптеп салынады.
ӘМІРЖАН ШӘКЕЙ, “Қазақстан құрылысшылар одағы” ЗТБ СҚОФ төрағасы:
— Облысымызда мердігерлер құрылыс алаңына инженерлік желілерді тартпай, жұмысты бастап кетеді. Сондықтан да бізде нысандар белгіленген мерзім бойынша тапсырылмайды. Мердігерлер Астанадан келген маманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды, тұшымды жауап алды.
Айта кету керек “Қазақстан құрылысшылар одағының” құрамына 1600-ден астам мердігер кіреді. Еліміздің әр қаласында филиалы бар.
Нұрасыл Ахмет
