М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде студенттердің білім алуына арналған екі жаңа аудитория ашылды. Олар қазақтың ұлы тұлғалары – Мағжан Жұмабаев пен Шоқан Уәлихановтың есімімен аталады. Жаңа дәрісханалар заманауи техникамен жабдықталып, жастардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған. Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты. Шара барысында білім мен ғылымның дамуына бағытталған осындай бастамалардың маңыздылығы атап өтілді.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Біздің басты қағидамыз – университеттің дамуы, уақыт талабына сай жаңарып отыруы. Біз әр студенттің терең білім алып, бәсекеге қабілетті, кәсіби маман болып қалыптасуын қалаймыз. Сондықтан осындай жайлы да заманауи орта ұсыну – ортақ міндетіміз. Ұлы тұлғаларымыздың есімі берілген аудиториялар – тек оқу залдары емес, рухани сабақтастықтың көрінісі. Бұл біздер үшін зор мақтаныш әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік деп білеміз.
Айта кету керек, жаңа аудиториялардың ашылуымен қатар қара шаңырақ қабырғасында университет пен “Qyzyljar” креатив орталығы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат жастардың инновациялық жобаларын қолдауға, бірлескен білім беру және шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
АЛИНА СОЛОВЬЕВА, Қозыбаев университетінің түлегі, педагог:
— Мен жүрген жерде Қозыбаев университетінің білім сапасы жоғары деп жүремін. Егер мен осында оқымасам, кәсіби маман атанып, еліме пайда тигізе алмас едім. Өзім Шымкенттен келіп оқыдым. Алғаш мұз өрнектерін көрген, шаңғы тепкен сәттер есімнен шықпайды. Университетімнің алға жылжығанын көру – мен үшін зор мәртебе, қуаныш. Ұстаздар қауымына тек сәттілік тілеймін.
Қоса кетейік, Мағжан Жұмабаев пен Шоқан Уәлиханов атындағы қос аудитория білім ордасының №5-ші оқу корпусында орналасқан.
Жангельді Жамалиев
