Есепті жылы өңірде инвестициялық жобалар мен кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары жалғасты. 2020 жылдан бері тікелей шетелдік инвестициялар 708 млн АҚШ долларына жетіп, металлургиядағы инвестиция 65%-ға, жеке инвестициялар 69%-ға өсті. Қазіргі жағдай нақты нәтижеге бағытталған тиімді әрі үйлесімді жұмысты талап етеді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өнеркәсіпті дамыту – инвестиция тарту, кәсіпкерлікті жүйелі қолдау, сондай-ақ туризм мен сауда салаларын дамыту облыс экономикасының берік іргетасын қалыптастыратын негізгі бағыттар. Өңірдегі экономикалық өсімнің қарқыны халықтың жұмыспен қамтылу деңгейіне және облыс бюджетінің тұрақтылығы, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігіне байланысты.
Былтыр өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 942,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,9 пайызға көп. Өсім зауыттар мен кәсіпорындардың тұрақты жұмысы және жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы арқасында болды. Өнеркәсіптің негізгі бөлігін өңдеу саласы құрайды. Ол жалпы көлемнің 87 пайызын құрап, 820,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді.
ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы:
— Машина жасау саласында айтарлықтай өсім бар. Мысалы, «ЗИКСТО» ЖШС өндірісін 35,8%-ға арттырып, 169,8 млрд теңгеге жеткізді және 149 жолаушылар вагонын шығарды. «СТ ЭССЕМБЛИ» кәсіпорны өндіріс көлемін 41% өсіріп, 85,7 млрд теңге өнім шығарды. «Петропавл электротехникалық зауыты» 27,2%, ал «Авагро» ЖШС 53,8% өсім көрсетіп отыр. Кәсіпорындарға берілген тапсырыстар 12,7%-ға көбейіп, 300,7 млрд теңгені құрады. Биыл өнім көлемін 1 триллион теңгеден асыруды жоспарлап отырмыз.
2025 жыл «Зиксто» кәсіпорны үшін ауқымды өсу, белсенді инвестициялар және өндірістік мүмкіндіктер жылы болды. Осы жылы 3 200 жүк платформалы вагон және 100 жолаушы вагон жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 41 пайызға артқан.
МИХАИЛ ТЕРЕХОВ, «ЗИКСТО» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
— 2025 жылы өндірісіміз 1 670 бірлікке жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 206 пайызға артты. Осы жылы біз 149 жолаушы вагон, 1 503 платформалы вагон, 2 электропойыз және 12 жүк вагон шығардық. Ал 2026 жылға жоспарымыз – 2 734 жүк платформалы және 58 жолаушы вагон шығару. Жыл соңына дейін қосымша жеткізу келісімшарттарын жасауға дайындық жүріп жатыр.
Қоса кетейік, бүгінгі күні облыста 35 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызмет атқарады, олардың саны жыл сайын артып келеді.
