М. Қозыбаев атындағы СҚУ қабырғасында Конституцияның жаңак жобасына арналған ақпараттық кездесу өтті. Жиынға медицина факультетінің шамамен 30-ға жуық студенті қатысып, халықпен қабылданатын өзгерістердің әлеуметтік маңызы жөнінде пікір алмасты. Жүздесу ашық форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:
— Біз ғылым мен білімнің ел дамуының негізгі қозғаушы күші екенін, сондай-ақ мемлекет саясатының адамға бағдарлануы – қазіргі қоғамның басты басымдығы екенін айқын түсінеміз. Өйткені, зияткерлік әлеуеті жоғары, білімді әрі бәсекеге қабілетті азаматтар ғана мемлекетіміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына жол ашады. Бұның барлығы Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасында көрініс тапқан. Бұл баршамызды қуантады.
Жобада денсаулық сақтау саласына қатысты жайттар бар. Атап айтқанда, азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алу құқығын нақтылау, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру. Бұл өзгерістер медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
АНГЕЛИНА БУДКО, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Жаңа Конституция жобасында азаматтарға тегін медициналық көмек алу құқығы берілгені бізді, болашақ дәрігерлерді қуантады. МӘМС жүйесі әр адамға қажетті медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Біз осы жүйе арқылы халыққа сапалы көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтай аламыз. Сол себепті, Конституцияға бұл түзетуді толық қолдаймыз.
Мұндай талқылаулар жастардың құқықтық сауатын арттырып, қоғамдық өзгерістерге бейжай қарамауына ықпал береді. Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдум нәтижесінде айқындалатынын қоса кету қажет.
Жангельді Жамалиев
