Sailau banner

Мәдениет

Заманауи өнердің жарқын өкілі – Қарлығаш Қансейіттің көрмесі

Петропавлдағы “Ботай” ART-галереясында Қарлығаш Қансейіттің “Ішкі көкжиек” атты жеке көрмесі қанат жайды. Он саусағынан бал тамған азаматша – Қазақстанның заманауи бейнелеу өнеріндегі жарқын өкілдерінің бірі. Шымкент қаласынан арнайы келген суретшінің туындыларын қала тұрғындары, шақырылған қонақтар мен жергілікті қылқалам шеберлері тамашалады. Олардың барлығы таңданыстарын жасырмады.

— Бұл картиналарда түстер үйлесімі өте қанық екен. Нәзіктік те, айқындылық та бар. Мұндай туындыларды сирек кездестіремін, сондықтан олар есте тез сақталып, ерекше әсер қалдырады. Маған суретшінің қыздар бейнеленген сериясы көбірек ұнады. Ол мені қуантты десем болады. Жұмыстар көзге өте тартымды көрініп, ерекше эстетикалық ләззат сыйлайды.

Қарлығаш Қансейіт – шығармашылық жолын бала күнінен бастаған шебер. Әрбір туындысы “сөйлеп” тұрғандай. Автордың көңіл-күйін, ойын, ішкі әлемін бейнелейді. Суреттерін салу кезінде бояумен қатар, табиғи материалдарды да қолданған. Олар: киіз, былғары, қауырсын, моншақ, тастар. Бұлардың барлығы көркемдік тереңдік береді.

ҚАРЛЫҒАШ ҚАНСЕЙІТ, суретші, Шымкент қаласы:

— Барлық сурет мен үшін ерекше. Әрқайсысында өз көңіл-күйім, ойым, еңбегім бар. Мысалы, «Текелі» сериясындағы кейбір жұмыстарымды ешкімге бергім де, сатқым да келмейді. Егер сатылатын болса, тек жоғары бағамен сатылсын деймін. Өйткені, қымбатқа өткенде, оны аямаймын – еңбегімнің бағаланғанын сеземін. Ал арзанға сатылса, көңілге қаяу түседі, қимай тұрасың.

Әдетте өнер әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарып жатады. Алайда, шебердің отбасында ешкім қылқалам ұстамапты. Қарлығаш Қансейітке дарын маңдайына жазылғандай.

ҚАРЛЫҒАШ ҚАНСЕЙІТ, суретші, Шымкент қаласы:

— Бала күнімде музыкаға да, басқа үйірмелерге де барып көрдім. Бірақ олардың ешқайсысында өзімді толық аша алмадым. Ішкі дүнием үнемі сурет салуды қалап тұратын. Әлі есімде, 4-сыныпта оқып жүрген кезім. Бір күні анаммен сөйлесіп отырып, суретші болғым келетінін айттым. Анам менен: «Бұл нақты шешімің бе? Кейін өзгертіп алмайсың ба?» – деп сұрады. Сонда мен еш ойланбастан: «Жоқ, мен осы жолды таңдаймын. Сурет салумен айналысамын», – дедім. Сол күннен бастап қолыма қарындаш алып, сурет салып келемін.

Айта кету керек, көрмеде жалпы 26 кескіндеме ұсынылған. Олар «Текелі», «Рефракция» және «Жүрек саяхаты» атты үш сериядан тұрады. Өнерді бағалайтын көпшілік ерекше туындылармен екі айдың көлемінде таныса алады.

 

Жангельді Жамалиев