Sailau banner

Балалар

Ұстаздарға жалпыхалықтық референдум жайлы айтылды

Жалпыхалықтық референдумға 27 күн қалды. Ал өңірімізде тарихи шараның мән-маңызын түсіндіру жұмыстары қыза түсті. Бүгін Конституция жобасын қолдауға арналған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабтың мүшелері Мұрат Айтқожин атындағы №1-ші орта мектепте болды. Олар ұстаздармен жүздесіп, күтілетін өзгерістерді жіпке тізді. Спикердің бірі – заңгер Евгений Кинцель. Ол референдумның маңызы, оның қоғамға әкелер пайдасы жайлы баяндады. Бұған дейін арнайы топ мүшелері ондаған мекемеде болған.

БОЛАТ БАЗАРБАЕВ, СҚО бойынша референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабтың мүшесі:

— Кездесулер барысында конституциялық реформаны егжей-тегжейлі түсіндіріп береміз. Енгізілетін жаңа заңдарға ерекше тоқталудамыз. Бұған дейін 40 мекемеде болдық. Жерлестеріміз белсенділік танытуда. Бізге сұрақтарын қояды, яғни Ата заңға енжарлықпен қарамайды. Көбі жаңа Конституциядан үлкен үміт күтіп отыр. Олар құжат еліміздің дамуына септігін тигізіп, құқықбұзушылық азаяды деген ойда.

Мұрат Айтқожин атындағы 1-ші орта мектептің ұстаздары да белсенділік танытты. Олар сауалдарын қойып, маңызды өзгерістерге қатысты жауап алды. Білім ордасында 3 жыл жұмыс істеп келе жатқан Бексұлтан Бұхаров теріскейліктерді наурыздың 15-ші жұлдызында дауыс беруге шақырады.

БЕКСҰЛТАН БҰХАРОВ, М.Айтқожин атындағы №1 орта мектептің мұғалімі:

— Жаңа Констиутцияның басты ерекшелегі – биліктің қайнар көзі халық деп бекітілуі. Сондай-ақ, Парламенттік жүйе реформаланып, конституциялық соттың өкілеттілігі күшейтілмек.

Конституция жобасын қолдауға арналған референдумды ақпарттық сүйемелдеу жөніндегі облыстық штабтың мүшелері аудан орталықтарына да барып жүр. Олар халықты ақпараттандыру жұмысын жалғастыра бермек.

 

Мәдина Қаби