Экономика және қаржы саласының халықаралық деңгейдегі маманы, Португалиядағы Азор аралдары университетінің профессоры Томаш Понси Дентиньо Қозыбаев университетінде практикалық сабақ өткізуде. Шетелдік оқытушы өңірімізге 2 ай бұрын келген. Ол теориялық білімді нақты практикалық мысалдармен ұштастырыпты. Сонымен қатар, заманауи қаржылық есеп және талдау әдістерін қарастырған. Мұның бәрі жастарға білімдері мен дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
НАЗЕРКЕ ЕСЕНКЕЛДІ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Бүгінгі сабақ ерекше кәсіби деңгейде өтті. Профессор бізге қаржылық талдаудың жалпы құрылымы қалай жасалатынын, оны жүргізудің негізгі кезеңдері мен қыр-сырын жан-жақты әрі түсінікті түрде айтып берді. Теорияны нақты мысалдармен ұштастыра отырып, әрбір талдаудың маңызын айқындап көрсетті. Бұл сабақтың әдеттегі дәрістерден айырмашылығы айқын сезілді.
Профессор студенттерге өңірлік экономикалық мәселелерді зерттеу және талдау жолдарын үйретуде. Жобалар бірнеше бағытты қамтиды. Олардың әрқайсысы қоғам үшін өзекті болып табылады. Бұл жұмыс білім алушыларға ғылыми ойлау мен жобалық дағдыларын бірдей дамытуға мүмкіндік береді.
ТОМАШ ПОНСИ ДЕНТИНЬО, Азор аралдары университетінің профессоры, Португалия:
— Біз қазіргі таңда студенттермен арнайы жоба әзірлеумен айналысып жатырмыз. Негізгі мақсат – өңірлік экономикалық мәселелерді тиімді шешу жолдарын іздеу және талдау. Жастар жобаларды жүзеге асыру барысында негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс істеуде, әр бағыт өз алдына маңызды және өзекті. Су тасқыны мен тұрғын үй құрылысы сияқты аса маңызды және өзекті тақырыптар да жобалар аясында талқыланады.
Азор аралдары университетінің профессоры Томаш Понси Дентиньо Қозыбаев университетінде тағы 2 апта болмақ.
Жангельді Жамалиев
