Sailau banner

Мәдениет

Маэстроның мерейлі кеші

Облыстық филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, камералық хордың хормейстері Юрий Колчиннің мерейтойлық шығармашылық кеші өтті. Юрий Викторович – Қазақстандағы хор өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Сахнада жүргеніне биыл 60 жыл толып отыр.

Маэстроның өмір жолы да, өнер палитрасы да сан қырлы. Юрий Колчиннің шығармашылық жолы Екатеринбург қаласындағы опера және балет театрынан бастау алған. Шығыс және Закавказье шекаралық округтерінде қызмет еткен. Қазақстанған келген соң Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-нің хор ұжымдарымен жұмыс істеді. Ал 2010 жылдан бері Ақан сері атындағы облыстық филармонияда тер төгіп келеді. Ғалия Мұхамеджанова – Юрий Колчиннің жары әрі әріптесі. Айтуынша, Юрий Викторович – өз ісіне адал өнер адамы.

ҒАЛИЯ МҰХАМЕДЖАНОВА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның камералық хорының көркемдік жетекшіс:

— Ол – тынымсыз еңбекқор, өз ісіне әрдайым адал, энциклопедиялық білімі мол азамат. Тәжірибесі де таудай. Дарындылығын дүниеге әкелген сахналық туындыларынан көруге болады. Шығармаларды жаңаша өңдеп, мазмұнын байытып ұсына біледі. Әлі алда атқарар жоспары ауқымды.

Кеш барысында маэстроның авторлық туындылары, еркін оранжировкалары мен түрлі жанрдағы шығармалардың транскрипциялары орындалды. Классикадан бастап заманауи бағыттағы шығармаларға дейінгі музыкалық туындылар көрерменнің көңілінен шықты.

ИВАН МИЩЕНКО, еңбек ардагері ауд:

— Мен өнер колледжінде педагог болып жұмыс істедім. Юрий Колчиннің жұбайы – менің түлегім. Өнер адамдарының атқарып жатқан жұмысы жалпы адамзат үшін пайдалы. Адамды рухани тұрғыда байытады. Мен 40 жылдан бері ардагерлер хорымен жұмыс істеймін. Дайындық барысында өнерлі жұптың ақыл-кеңесіне жүгінеміз.

АЛМА ӘБІЛМӘЖІНОВА, журналист, ауд:

— Юрий Викторович Колчинмен танысқаныма 20 жылдан асты. Университетте жұмыс істеген кездері оның жетекшілігімен хор түрлі деңгейдегі сахнада лайықты өнер көрсетті. Камералық хордың хормейстері болғаннан кейін өнер ұжымының абыройы одан бетер арта түсті.