— Мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.
Бұл – жаңа Ата заң жобасының преамбуласынан алынған үзінді. Кіріспедегі келелі оймен Мағжан Жұмабаев ауданы Жастар ресурстық орталығының мамандары толықтай келіседі. Олар алдағы өзгерістерге біркісідей назар аударып, атсалысу қажет деп санайды.
ЖАЛҒАС ӘЛНӘЗИРОВ, М.Жұмабаев ауданы Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:
— Мен жақында Астана қаласында өткен волонтерлер форумына қатыстым. Аталған шарада сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды “Еріктілер жылы” деп жариялағанын атап өтті. Яғни, біззе зор жауапкершілік артылып отыр. Сенімді ақтауымыз қажет. Жаңадан қабылданатын Ата заңда табиғатты аялауға қатысты тұс бар. Бұл – баршаға ортақ дүние. Сондықтан, саяси науқанға бейжай қарамауымыз керек.
Президент қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың татулықты ту ету қажеттігін жиі айтады. Бұл тұрғыда мағжандық қыз-жігіттер жарап тұр. Бір жеңнен қол шығарған олар түрлі шараларда күш біріктіреді.
РУСАЛИНА СӘРСІМБАЕВА, М.Жұмабаев ауданы Жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:
— Ұрпақтар сабақтастығын нығайту – жастар ресуртық орталығының басты міндеті. Біз жастарды “Таза Қазақстан” акциясына және түрлі қоғамдық шараларға белсенді қатысуға шақырамыз. Жақында өтетін референдумға да барша жерлесімізді қатысып, өз дауыстарын беруге үндейміз.
Қоса кетейік, бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданында ақиық ақын сенім білдірген 6 мың жас тұрады.
Мәдина Қаби
