Sailau banner

СҚО әкімдігі

Ирина Шишкина: “Әкім аса ұқыпты, жұмысына жауапты әрі шыдамды болуы тиіс

Бұл – Қызылжар ауданы Вагулин ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина. Басшының жұмыс күні әріптестерімен өтетін жиналыстан басталады. Отырыста өткен апта сараланып, алдағы күндерге жоспар құрылады. Өзекті мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылады.

ИРИНА ШИШКИНА, Вагулин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

— Ауылдық округте мәселелер жоқ емес, бар. Оны жасырмаймын. Басты түйткіл – автокөлік жолдарының жай-күйі. Оны шешу жолында аянбай тер төгудеміз. Соңғы 3 жылда 2 елді мекеннің ауылішілік жолдарын жөндедік.

“Менің басты мақсатым – халықтың тұрмысын жақсарту”, – дейді Ирина Сергеевна. Басшы “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген қағидатты берік ұстанады. Оған күніне бірнеше адам келіп, мұң-мұқтажын жеткізеді. Юрий Ваганов Вагулино ауылына жақында көшіп келген. Азамат әкімдікке тұрғылықты жері бойынша тіркелуге келіпті. Мәселе бірден шешімін тапты.

ЮРИЙ ВАГАНОВ, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Ирина Сергеевнаға алғысым шексіз. Маған көп көмектесті, жұмысқа тұрғызды. Шынымды айтсам, Вагулино ауылының жағдайы мені таңғалдырды. Керектінің бәрі бар. Балаларым да үйірмелерге барып жүр. Елді мекенде бос отырған адам жоқ.

Вагулин – Қызылжар ауданындағы беткеұстар ауылдық округтердің бірі. Құрамында 5 ауыл бар. 1200-ден астам адам тұрады. Елді мекендерде ардагерлерге көп көңіл бөлінеді. Жалғызбасты зейнеткерлердің әрқайсысына әлеуметтік қызметкер бекітілген. Биыл ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

ИРИНА ШИШКИНА, Вагулин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

— Биыл округтегі ауылдардың барлығы орталықтандырылған сумен қамтылады. 2 ауылдың жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Бір қуантарлығы, жергілікті серіктестіктер ауылды қолдайды. Кәсіпкерлердің көмегімен ағымдағы жылы 2 бірдей спорт залын тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Шынымды айтсам, маған күніге неше түрлі адам келеді. Олардың тілін табу үшін психолог болуың керек.

Ирина Шишкина көпшілікке жақсы таныс. Биыл ол еліміздегі барлық ауылдық округ әкімдерінің басы қосылған жиында сөз сөйледі, өзекті мәселені көтерді. Ауыл әкімдерінің кейбір мемлекеттік базаларға кіре алмайтынын атап өтті. Тиісінше, тұрғындар бір қағаз үшін аудан орталығына баруға мәжбүр.

ИРИНА ШИШКИНА, Вагулин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

— Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеген кезде қатты қобалжыдым. Бірақ, бәрі сәтті өтті. Президент мәселе өз шешімін табады деп уәде берді.

Ирина Шишкинаның 4 баласы бар. Басшының сөзінше, жұмыс пен үй шаруасын бірге алып жүру оңай емес. Бірақ, ол барлығына уақыт табатынын айтты. Ирина Сергеевна ел үмітін арқалаған жан аса ұқыпты, жұмысқа жауапты және шыдамды болу керек деп есептейді.

 

Нұрасыл Ахмет