“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынатын қолайлы мүмкіндік. Ұйым шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Жеңілдетілген несиелеу жобасының жылдық үстемақысы 12,6% құрайды. Бұл іс бастауға немесе кеңейтуге ниетті жандардың аса шығындалмауына ықпал етеді.
СЕРІКБЕК САРЖАН, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
— 2025 – қор үшін маңызды өзгерістер жылы. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 1-ші және 2-ші кепілдік қорлары құрылды. Бұл тетік кәсіпкерлерге кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда да несие алу мүмкіндігін берді. Сонымен қатар, қор мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттыру мақсатында кәсіпкерлер үшін үдерістерді жеңілдетуде. Осы бағытта «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Бірыңғай фронт-офисі іске қосылды. Енді кәсіпкерлер барлық негізгі қолдау бағдарламалары бойынша кеңес пен ақпаратты бір жерден ала алады.
«Өрлеу» бағдарламасын жеке кәсіпкер Диас Назмутдинов қолданып үлгерді. Ол 2018 жылдан бері 19 литрлік бөтелкедегі ауыз су өндіру және оны жеткізумен айналысып келеді. Азамат бертін келе өндіріс ауқымын ұлғайту үшін 64 млн теңге несие алған. Займды рәсімдеу барысында қорға жүгініпті. Қазір кәсібі алға басқан.
ДИАС НАЗМУТДИНОВ, жеке кәсіпкер:
— Өндірісті аяққа тұрғызғаннан кейін қақпақ, пакет, бөтелкелерді зауыттан тікелей сатып алу тиімді екенін түсіндік. Бізге қондырғы қажет болды. Сондықтан, «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға шешім қабылдадық. Ұзақ ойландық, нарықты жіті зерттедік. Бүгінде өндірісімізді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туды.
Былтыр өңірде «Өрлеу» бағдарламасы аясында 15 млрд теңге сомасына 89 жоба мақұлданды. Қолдау тапқан жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры таудай талапты жандарға қызмет көрсетуге дайын.
Жангельді Жамалиев
