Sailau banner

Қоғам

Ауған соғысы жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр. Ұрыстарға елімізден 22 мыңнан астам сарбаз қатысып, 700-ге жуығы оралған жоқ. Бүгін дәстүр бойынша Петропавлдағы Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Алдымен жиналған қауым соғыста мерт болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін барлығы кезекпен ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысына қатысқан солтүстікқазақстандықтардың 50-ге жуығы ұрыс даласында опат болды. 10 жылға жуық уақытқа созылған ұрыс Кеңес Одағы үшін 89-шы жылы аяқталды.

ШӘМІЛ ШӘКІРОВ, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:

— Бұл майданда жеңгендер де, жеңілгендер де болған жоқ. Біз өз міндетімізді орындадық. Бүгінде облыста 600-ден астам Ауған соғысының ардагері тұрады. Жауынгерлік іс-қимыл қатысушыларына ай сайын 24 мың теңге, олардың қатарындағы мүгедектерге 29 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ, оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек түрлері қарастырылған.

“Сол күндер бір сәтке де есімнен кеткен емес”, – дейді Ауған соғысының ардагері Талғат Самаратов. Азамат Ауған соғысы жүріп жатқан кезде әскерге шақырылыпты. 19 жасында Ауғанстанға аттанған. Ұрыс даласында бірнеше досынан айырылған. “Таңертең бірге тамақ ішіп, бірге ұрысқа аттанған серігің кешке қайтып келмегенде ішің удай ашиды”, – дейді ол.

ТАЛҒАТ САМАРАТОВ, Ауған соғысының ардагері:

— 1985 жылы ең қауіпті деген Ахмад Шах операциясына қатыстым. Біз басында тауға кеткен жауынгерлерді күзетіп тұрдық. Кейін жарақат алғандарды ауыстырып, ұрысқа қатыстық.

Талғат Секенұлы Ауған соғысынан кейін ондаған жыл бойы полицияда қызмет еткен. Азамат жастарды әскерден қашпай, Отан алдындағы борышын абыроймен қорғауға шақырады.

Нұрасыл Ахмет