Sailau banner

Мәдениет

Петропавлда аймақтық жас ақындар айтысы өтті

Айтыс – халық қазынасы. Атадан мирас болып қалған мәдени мұрамыз деуге толық негіз бар. Петропавлда “Жырлайды жас жүрек” атты аймақтық жас ақындар айтысы өтті. Дода Жамбыл Жабаевтың – 180, Мұқағали Мақатаевтің – 95, жерлес ақын Ескендір Зікібаевтың 90 жылдығына арналып ұйымдастырылған. Сөз сайысына теріскейлік және ақмолалық 10 жас талант қатысты. Аталған өнер жолында ондаған жыл бойы жүрген танымал ақын Жарқын Жұпархан сөзінше, екінің бірі айтыскер бола алмайды екен.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыс жүргізушісі:

— Ақындық анадан балаға беріледі. Сонымен қатар, өнерді жіті зерттеген адам ғана зор жетістікке жете алады. Қазіргі таңда Ермек Серкебаев атындағы өнер мектебінде 12 жас айтыскер ақын бар. Оларды осы сияқты байқауларға жиі қатыстырсақ, нәтиже берері сөзсіз.

Сайыс шымылдығын Ақмола облысынан келген жас ақын Сәттібек Серікболатұлы мен теріскейлік Сұлтан Жарқынұлы ашты. Екеуі де бұрыннан танылып келе жатқан өнерпаздар. Оқушылардың сөз саптау шеберлігі мен шешендік өнері көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. От ауызды, орақ тілді жүйріктер сайысқа мықтап дайындалып келгені көрініп тұр.

СӘТТІБЕК СЕРІКБОЛАТҰЛЫ, жас ақын, Ақмола облысы:

— 9 жасымнан айтысқа қатысып жүрмін. Былтыр оқушылар арасында өткен жас ақындар сайысында “Гран при” жеңіп алдым.

Қарсыластар Абай мен Мағжанның өмір жолы мен шығармашылығынан мол сыр шертті. Еңбектерінің барлығы бүгінгі күні маңызға ие екенін атап өтті. Арасында бір-бірімен әзілдесіп те алды.

СҰЛТАН ЖАРҚЫНҰЛЫ: жас ақын, СҚО:

— 3-ші сыныптан бері айтысып жүрмін. Менің ұстазым әрі әкем – Жарқын Жұпархан. Одан көп тәлім-тәрбие алдым.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері мәдениет басқармасы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай сайыстар алдағы уақытта көптеп өткізіледі. Басты мақсат – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қазақ өнерін әлемге паш ету.

Нұрасыл Ахмет