Петропавлда жаңа Ата заң жобасын қолдауға бағытталған коалиция құрылды. Бұл бірлестіктің басты мақсаты – конституциялық реформа жайында әрі алда өтетін референдум жайлы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Жаңадан құрылған ұйым мүшелері бүгін іске кірісіп, бірінші отырысын өткізді. Кездесу барысында “Ауыл” партиясының өкілі Қайрат Пішенбаев алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеп, Ата заңдағы өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.
ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, “Ауыл” партиясы СҚО бойынша өңірлік филиалының басшысы:
— Жаңа Конституция идеясы бір күнде туған жоқ, ол бірнеше кезеңнен өтті. Ол қоғаммен бірге талқыланды.
Кейін сөз кезегі Қазақстан халық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасарына ұсынылды. Болат Қожахметов жаңа құжатта басты басымдық адамның құқығы мен бостандығына берілгенін атап өтті.
БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ СҚОФ төрағасының орынбасары:
— Жаңа Ата заң жобасында адамның құқықтарына, бостандығына баса назар аударылған. Сонымен қатар, Конституцияда отбасы, еңбек, білім салаларына қатысты оң өзгерістер орын алды. Қазақстан халық партиясы үшін бұл өте маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Енді алдағы уақытта республикалық референдум аясында бізге түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.
Айта кетейік, Ата заңның жаңа жобасын қолдауға бағытталған одаққа 60 адам мүшелік етеді. Олардың ішінде саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары бар. Коалицияның жетекшісі қызметін Владимир Бубенко атқаратын болады.
Ұлан Ыдырыс
