Қызылжар ауданындағы Парасат мектеп-лицейінде «Бірыңғай эссе күні» аясында құқықтық бағыттағы эссе байқауы өтті. Шараға білім ұясының 80 оқушысы қатысты. Олар өз құқықтары мен азаматтық жауапкершілігі туралы ойларын қағаз бетіне түсірді.
САНЖАР ҚОНЫСБАЕВ, байқауға қатысушы:
— Біз осындай эссе байқауларына үнемі белсенді қатысамыз. Мұндай шараларда оқушыларымыз жоғары нәтижелер көрсетеді. Мектебімізде құқықтар мен міндеттерге арналған түрлі тәрбиелік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ұстаздарымыздың қатысуымен әртүрлі дебаттар, рөлдік ойындар өткіземіз. Осы ойындар арқылы оқушылар өз міндеттерін бір-біріне түсіндіріп, құқықтық мәдениетті тікелей насихаттайды.
Айта кету керек, «Менің құқықтарым – менің жауапкершілігім» атты эссе байқауы тек “Парасат” мектеп-лицейінде емес, Қызылжар ауданының барлық мектебінде бір мезетте ұйымдастырылды. Бұл – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Мектеп-лицейдің тәрбие жұмысына жауапты мамандардың айтуынша, мұндай эссе байқаулары оқушылардың құқықтық көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың жеке пікірін еркін білдіруіне мүмкіндік береді.
НАЗГҮЛ ӘБІШЕВА, “Парасат” мектеп-лицейі директорының орынбасары:
— Бұл байқаудың негізгі мақсаты – “Заң мен тәртіп” идеологиясы аясында азаматтық-патриоттық тәрбие мен құқықтық сауаттылықты арттыру. Сонымен қатар, білім алушылардың құқықтық мәдениетін және азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, олардың жеке құқықтары мен қоғам және мемлекет алдындағы міндеттерінің өзара байланысын терең ұғынуына ықпал ету.
Прокуратура, жастар ресурстық орталығы және білім бөлімі бірлесе өткізген байқаудың нәтижесі келесі аптаның басында шығады. Үздік деген жұмыстарды арнайы мамандар іріктейді. Жоғары баға алған оқушылар арнайы марапатқа ие болады.
Жангельді Жамалиев
