Sailau banner

СҚО әкімдігі

Конституциялық комиссияның мүшелері Қозыбаев университетінде болды

Конституциялық комиссияның мүшелері Ерлан Тоқшылық пен Владимир Бубенко Қозыбаев университетінің ұжымы және студенттерімен кездесу өткізді. Жүздесуге “Әділетті Конституция – қуатты мемлекет” тақырыбы арқау болды. Оның барысында спикерлер әр баптың мазмұнына тоқталып, азаматтардың ұсынысы толықтай ескерілгенін атап өтті. “Еліміздегі басты құжаттың жаңадан қабылдануы – ортақ жауапкершілік, сондықтан әр жанның пікірі аса маңызды”, – дейді комиссия мүшесі Ерлан Бейсенұлы.

ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, Конституциялық комиссияның мүшесі:

— Конституциялық комиссияның отырыстары тікелей эфирде көрсетілді. Бұл арқылы біз халықты ақпараттандырғымыз келді. Өте көп ұсыныс-пікір талқыладық. Жаңа Конституция жан-жақты қаралды.

Спикерлердің сөзінше, Конституциялық комиссияға азаматтардан 10 мыңнан астам пікір мен ұсыныс түскен. Тұрғындар өз ойларын “eGov” және “E-Otinish” порталдары арқылы жеткізді. Ата заң 84 пайызға өзгергелі отыр. Ал мазмұнының басым бөлігі адам құқығына бағытталған.

АСАНӘЛІ ЖАНАТҰЛЫ, Қозыбаев университетінің Студенттік үкімет президенті:

— Конституция преамбуласына “Заң және тәртіп” және “Таза Қазақстан” қағидаттары енгеніне қуаныштымын. Бұл жастардың талай жыл атқарған еңбегінің арқасы деп ойлаймын.

Комиссия мүшелері Конституцияға енгізілетін өзгерістерді университет ұжымы мен жастарға жіті түсіндірді. Сонымен қатар, 15 наурызда өтетін жалпыхалықтың референдумға біркісідей қатысуға шақырды.

Нұрасыл Ахмет