Sailau banner

Мәдениет

Абай әлемі темір тордың ар жағында көрініс тапты

«Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында прокурорлар мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары №48 мекемеде«Абайдың қара сөздері» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырды. Оны сотталғандар тамашалады.

МАНАР ҚАБАЙ, СҚО ҚАЖД сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің инспекторы:

— Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өз шығармашылығын адами, имандылық және мәдени құндылықтарға сүйене отыра жүргізген. Біз осы арқылы сотталғандардың тәрбиелік қасиетіне ықпал еткіміз келеді.

«Абайдың қара сөздері» театрландырылған қойылымы жазасын өтеушілерді түзу жолға салу тұрғысында маңызды. Данышпанның әр ойы сотталғандарда қоғамдағы заңдар мен ережелердің маңызын түсінуге, жауапкершілік және адамгершілік қасиет қалыптастыруға әкеледі. Бұл ауадай қажет. Себебі, жыл басынан бері мұнда белгіленген тәртіпті бұзудың 15 жайты тіркеліпті.

ДӘУЛЕТ ШАЙМУЛЛИН, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

— Бұл статистика тұрақты жедел жағдай мен жүргізіліп жатқан жүйелі профилактикалық жұмыстың дәлелі. Біздің міндетіміз – режимнің сақталуын қамтамасыз ету және рухани-адамгершілік тәрбиеге әсер ету. Бұл бағыттағы жұмыс әрмен қарай жалғасатын болады. «Абайдың қара сөздері» атты театрландырылған қойылымның берері мол деп білеміз.

Сотталғандар үшін Сәбит Мұқанов атындағы қазақ драма театрының және облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті. Аслан Текжановтың ұлы ақынның шығармашылығымен жақсы таныс. Бос уақытында оның кітаптарын оқиды.

АСЛАН ТЕКЖАНОВ, жазасын өтеуші:

— Осындай шаралар өтіп тұрады. Әсіресе Абайға қатысты кештер жиі өтеді. Абай – ұлы тұлға. Мұндай жиындарды құптаймыз. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз.

Бүгінде 700-ге жуық адам жазасын өтеп жатқан мекемеде шығармашылық шаралардан бөлек, спорттық жарыстар да өткізіліп тұрады.