ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Заңның ала жібін аттауға болмайды. Бұның артында жаза тұр. Алайда, кейбір жандар оны ойламайды. Өкінішке қарай, ереже бұзатындардың арасында балалар да бар. Іні-қарындастарымыздың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында арнайы шара басталғалы отыр. Бұған біз де қатысамыз.
Тілшілер, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар мінген арнайы автобус “Береке” ықшам ауданына барды. Мұндағы көпқабатты үйлерде бірнеше қолайсыз отбасы мен есепке алынған бала тұрады. Соларды тексеру қажет. Қолайсыз отбасындағы жағдай, ұл-қыздардың көңіл-күйі және есепке алынған балалардың белгілі уақытта үйде болуы. Мамандар осыған назар аударады. Оқушылардың мектепке тұрақты түрде баруы да сұралады.
Полицейлердің дерегінше бүгінде Петропавлда кәмелетке толмаған 45 тұлға есепте тұр. Олардың басым бөлігі – қараусыз қалған, арнайы мектептерден оралған немесе алкогольдік ішімдік тұтынатын қыз-жігіттер. Бұлар ұдайы бақылауда болады. Егер ережені елемесе, тиісті шара қолданылады. Мәселен, былтыр облыс орталығынан 8 бала Алматы қаласындағы мамандандырылған білім беру ұйымына жіберіліпті.
ЗАРИМА ЖАКИНА, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы:
— Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының оқушылары арасында құқық бұзушылықтардың жолын кесу көзделеді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру – басты назарда.
Бұл рейд балалардың қауіпсіздігіне де арналған. Құтқарушылар ата-аналарға, жауапты тұлғаларға тиісті сақтық шараларын айтып өтті. Өрттен сақтану керек. Өкінішке қарай, биылдың өзінде 3 кішкентай бала тілсіз жаудан ажал құшқан. Ал былтыр терезеден құлаудың 4 жағдайы тіркелген.
ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:
— Әрбір ата-ана өз баласына жауапты. Терезеге орнатылатын блокираторлар қолжетімді, бағасы қалта көтереді. Олар сапасы мен көлеміне қарай 1 мың теңгеден бастап, 4-5 мың теңгеге дейін сатылады.
Кешкі 18:00-де басталған рейд түнге таман аяқталды. Оның барысында мамандар 30-ға жуық үйге барды.
Жагельді Жамалиев