Sailau banner

Білім

Жас ұстаздар біліктілік арттырды

Петропавлда қалалық №4 орта мектепте “Білім беру ортасындағы заманауи тәсілдер арқылы оқушыларды ынталандыру және тарту” атты семинар өтті. Шара екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде білікті ұстаздар заманауи педагогикалық тәсілдермен және технологиялармен танысты.

ӘСЕМ МЕЙІРМАНОВА, қалалық №4 орта мектебі қазақ тілі және әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі:

— 2026 жыл “Жасанды интеллект” жылы деп аталған болатын. Бүгінгі шарада педагогтар сабақтарды қызықты өткізу үшін өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасады. Ұстаз болған соң басты мақсатымыз – білімді, білікті ұрпақ қалыптастыру.

Екінші кезеңде педагогтер топ-топқа бөлініп, ашық сабақтарға қатысты. Мұндағы мақсат – оқушыларды ынталандырудың тиімді тәжірибелері мен әдіс-тәсілдерін көрсету. Яғни, ұстаздар сабақтарды тәжірибелі мамандардың қалай өткізетінін көреді, мұғалім мен баланың арасында қарым-қатынасқа куә болады. Жалпы, семинарға қатысушылардың дені – жас қызметкерлер. Олар қаладағы білім ұяларында қазақ тілі, орыс тілі және бастауыш сынып мұғалімдері болып еңбек етеді.

НАТАЛЬЯ ЖЕНЖЕРА, Сергий Радонежскийдің құрметіне арналған орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

— Ұстаз болып еңбек етіп жүргеніме 2 жылға жуықтап қалды. Мұндай семинарлардан қалмауға тырысамын. Біз жасанды интеллект арқылы жұмыс істеп, оқушыларымызбен ортақ тіл таба білуіміз қажет. Бүгінгі шарадан көптеген қажетті мағұмат алдым. Алдағы уақытта өз тәжірибемде қолданатын боламын.

Жалпы, шараға 50-ге жуық ұстаз қатысты.

 

Ақтолқын Солтанханқызы