Мәдениет

Петропавлдық «Sensitive» би театры Стамбулда топ жарды

Петропавлдық «Sensitive» би театры бұл жолы Түркияда топ жарды. Стамбул шаһарында өткен халықаралық фестивалде жерлестеріміз Супер бас жүлде, екі Бас жүлде және бір бірінші орын иеленді.

Қара теңіз жағасынан олжалы оралған бишілермен кездесу мүмкіндігі туды. Түркияда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының би ұжымы бәсі биік додада бақ сынады. Халықаралақ байқау хореография, вокал, бейнелеу өнері және аспаптық өнер бағыттарын қамтыды. Оған Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Грузия және Ресей сынды 5 елден 300-ге жуык өнер иесі қатысты. Жерлестеріміз жерге қаратпады. Еліміздің, өңіріміздің намысын абыроймен корғады.

ОЛЬГА РОСТОВЩИКОВА, «Sensitive» би театрының жетекшісі:

— Біз заманауи хореография, бал билері, латынамерикалық және еуропалық бағдарламалар, сондай-ақ соло номинациясында өнер көрсеттік. Қазылар алқасында тәжірибелі кәсіби мамандар болды. Олар әр тұсты есепке алды. Біздің аталымда 60-тан астам нөмір болды. Сахнаға шыққандардың арасында осалдар жоқ. Дегенмен, біз мықтылығымызды тағы да дәлелдедік. Бұл – еңбектің жемісі.

Атағы айға жеткен «Sensitive» би театрының әртістері бір-бірін тілмен емес, жүрекпен түсінеді. Олардың қимылдарына қарап өнер аспанында қалықтайсың, ерекше сезімді бастан кешіресің. Бұл – таңдай қақтыратын өнер, бұл – көз сүйсінетін талант. Бойдағы дарын мен еңбек үйлесім тапқан. Әртістер әріптес емес, олар туған бауырдай. Бір-бірін өмірде де, сахнада да қолдайды.

ДАНИЯЛ ҚАНҒОЖИН, «Sensitive» би театрының әртісі:

— Түркиядаға байқауға 3 күн қалғанда әкем өмірден өтті. Маған ауыр соққы болып тиді. Дегенмен, мені әріптестерім қолдады. Сол қолдаудың арқасында конкурста шабыттанып биледім. Өзімнің туындымды жанымыздан мәңгілікке жырақтап кеткен әкеме арнадым. Біз үндескендей болдық. Қатысушылар өте көп еді, ұзақ жолдан шаршап келгенімізге қарамастан өзімді жинап, бар күшімді салдым. Нәтижесінде Бас жүлде жеңіп алғаныма қуаныштымын.

Түркияда топ жарған ұжым жазда Ұлыбритания мен Грузияға баруы мүмкін. Халықаралық байқау қорытындысы бойынша теріскейліктер шақырту алыпты. Сонымен қатар, биылғы сәуірде «Sensitive» би театрына 20 жыл толмақ. Қазір жерлестеріміз соған дайындалып жатыр. Мерейтойға орай Петропавлда “Ботай” пластикалық қойылымы ұсынылады.