Петропавлда облыстың Құрметті азаматы Құдайберген Қалиевтің “Толағай” атты кітабының тұсауы кесілді. Туындыға ел ағасының жүріп өткен жолы, өңірдің дамуына қосқан сүбелі үлесі енген. Тағылымы мол шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жас оқырмандар жиналды. Құдайберген Қалиев ортасында қашан да сыйлы. Оның ілкімді істерін үзеңгілестері мен ізін басқан інілері ұмытпайды.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Құдайберген ағамыздың өмір жолы – жастарға үлгі. Оның ақылын естіп жүрген жандар ешқашан жаман болмайды.
Қарапайым агроном, шаруашылық басшысы, аудан басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары. Азамат Тимирязев ауданында ұзақ жыл еңбек етті. Кітабына жұмыстағы естеліктер, замандастарының жүрекжарды лебіздері мен кейінгі буынға арналған ой-тұжырымдары еніпті.
ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚАЛИЕВ, облыстың Құрметті азаматы:
— Менің ең басты мақсатым – жастарға өнеге беру. Ұрпақты жақсылыққа баулып, жаман жолға түспеуге шақыру. Бүгінгі кездесуге 40-қа жуық оқушының келіп отырғаны мені ерекше қуантты.
Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Зиялы қауым өкілдері мен автор кітаптың тұсауын кесті. Қазіргі таңда кітаптың 500 данасы басылымға шыққан. Алдағы уақытта туынды білім беру мекемелеріне таратылады.
Жагельді Жамалиев
