Қоғам

Петропавл теміржол вокзалында «Құқықтық дәріхана» акциясы бастау алды

Теміржол вокзалы – адам көп жүретін орын. Мұнда әр жолаушы өз құқығын білуі маңызды. Сол үшін Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» акциясын ұйымдастырды. Оның барысында адамдарға құқықтық кеңес, қажетті ақпарат берілді. Көлік саласындағы құқықтар, жол жүру қауіпсіздігі, билет пен тасымал сапасына қатысты сауалдар – бұлардың барлығы бір алаңда талқыланды. Шетелден келген қонақтарға да қолдау бар. Оларға тегін SIM-карта ұсынылады. Ішінде тегін интернеті бар. Бұл – бейтаныс қалада бағыт табуға, такси шақыруға, байланыс орнатуға зор мүмкіндік.

ТИМУР ШҮЛЕНБАЕВ, СҚО көлік прокуроры:

— Акцияның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, көлік саласындағы кез келген мәселелер бойынша тегін құқықтық кеңестер көрсету, сондай-ақ халықты алаңдататын мәселелерді жедел түрде шешу. Аталған шара азаматтардың заңға деген сенімін нығайтуға және олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Мамандар қабылданған мәселелерге бейжай қарамайды. Олар тұрақты түрде тиісті тексерулер жүргізеді. Оның барысында кемшіліктер анықталса, шара қабылданады.

НҰРСҰЛТАН ЖАМАШОВ, СҚО көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

— Егер жол талапқа сай болмаса, пойыздардың қозғалысы шектеледі. Ал егер сапарға дейін жолаушыларға қолайсыздық туындайтын жағдайлар анықталса немесе пойыздың техникалық жай-күйі талапқа сәйкес келмесе, оны рейске жібермеу туралы шаралар қабылданады. Азаматтардың шағымдары толық көлемде қаралуда».

«Құқықтық дәріхана» заңға сенімді нығайтатын ашық диалог алаңына айналды. Вокзалдағы бұл бастама – жолаушыға да, алыс сапардан келген мейманға да нақты қолдау көрсетудің үлгісі.

Жангельді Жамалиев