Бұл – жүздері бал-бұл жайнаған Нұржан мен Зәуреш. Жақында Құсайыновтар отбасында қоныс тойы тойланады. Көпбалалы жанұя дәл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұзақ күткен пәтерге қол жеткізді. Кеуделерін қуаныш кернеген ерлі-зайыпты бүгін баспаналарын көру үшін келіп отыр. Оларды «Отбасы банк» өкілдері шашумен қарсы алды. Жерлестерімізге жалпы аумағы 80 шаршы метрден сәл асатын 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Үйдегі әр баспана әрленген күйде тапсырылады. Яғни, алаңсыз кіріп, тұра беруге болады. Отанасына ас бөлмесі ұнады. Қайта-қайта кіріп, жиһаздарды ойша қойып жүр.
ЗӘУРЕШ ҚҰСАЙЫНОВА, қала тұрғыны:
— Қазіргі таңда пәтер жалдап тұрып жатқан жанұяның арманын «Отбасы банк» орындады. Зәуреш 2012 жылы кезекке тұрыпты. Ол бастапқыда жетім қыз ретінде әлеуметтік аз қамтылғандардың қатарында болды. Ал бертін келе көпбалалы ана атанып, мәртебесі өзгерді. Өзіміз жақсы білетіндей, банк арқылы үлестірілетін баспаналардың бір бөліне тағдырдың тауқыметін тартқан ұл-қыздар, алтын құрсақ азаматшалар иелік етеді.
НҰРЖАН ҚҰСАЙЫНОВ, қала тұрғыны:
— Көптен күткен пәтерімізге жеттік. Көпбалалы отбасымыз. 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Пәтеріміз жақсы. Естуіміз бойынша үйдің алдында сауда үйі салынады.
Теріскейліктердің құлағына алтын сырға! «Отбасы банк» биыл да салымшыларын қуантпақ.
ДАРИНА БӘШЕНОВА, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
— 2026 жылы Петропавл қаласында 2 көпқабатты үй қолданысқа берілмек. Тұрғындарға 144 пәтер үлестірілмек. Осыған байланысты кезекте тұрған азаматтар деректерді жаңарту керек. Себебі, баспана деректері расталған азаматтарға беріледі.
Әзірге 2 үйге қатысты ақпарат мәлім. Алдағы уақытта тапсырылатын баспаналардың саны артуы да мүмкін. Демек, банктің әлеуметтік желілерінде таралатын деректерге назар аударып отыру керек.
ДАРИНА БӘШЕНОВА, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
— Жеңілдетілген ипотека” бағдарламасына кезекте тұрған барлық азамат қатыса алады. Бірақ басымдылық әлеуметтік осал топтарға беріледі. “Жеңілдетілген ипотека” бойынша әлеуметтік осал топтарға ипотека 2 пайызбен рәсімделеді, қалған азаматтарға 5 пайызбен беріледі. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады.
Міндетті түрде айта кету қажет, Петропавлда тапсырылатын үйлерге облыс тұрғындары үміт арта алады. Яғни, аудан орталықтарында, ауылдарда тұратын азаматтарда да өтініш білдіруге мүмкіндік бар.
Байболат Құлтанов
