СҚО әкімдігі

Облыс әкімі экономиканы дамыту бағыттарын атап өтті

Облыстық әкімдікте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар қойылды. Отырысқа аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов төрағалық етті. Көрсеткіштерге зер салсақ, әр бағыт бойынша оң динамика байқалады. Көшбасшы салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Диқандарымыз биыл қамбаға 6 млн 600 мың тонна астық құйды. Ет және сүт өндірісі 10 пайызға өсті. Аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаевтің сөзінше, инвестиция тарту жұмысы да қарқынды жүріп жатыр.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Қазіргі таңда облыста 900 млрд теңгенің 51 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр. 2025 жылы ауқымды 11 өндіріс орны қолданысқа берілді. Былтыр жұмыссыз жүрген 20 мыңнан астам жерлесіміз жұмысқа орналасты. Медицина саласы да алға жылжып жатыр. Былтыр тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында 50-ге жуық мекеме ашылды.

Былтыр облыста 2 заманауи мектеп ашылды. 50-ге жуық білім ұясы жөндеу көрді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша облыста 7 бірдей IT-орталық қолданысқа берілді. Теріскейде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды істер атқарылуда.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Облыстағы автожолдардың жалпы ұзыңдығы 8 мың 400 шақырымды құрайды. Былтыр өңірде 1100 шақырым жол жөнделді.

Облыстағы ауылдардың 92 пайызы сапалы интернетпен қамтылған. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жиын соңында аймақ басшысы қатысушыларға нақты тапсырмалар берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

—  Бөлінген қаржыны тиісті жерге жетуін жіті бақылау қажет. Шетелдік инвесторлармен етене жақын жұмыс істеуіміз керек. Сонымен қатар, аудандардағы серіктестіктер халықтың әл-ауқатын арттыруға көмектесуі тиіс. Биыл қай сала болмасын жоғары жетістіктерге жетуіміз қажет.

Облыс әкімі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударды. Қатысушыларға есеп үшін емес, нәтиже көрсету үшін жұмыс істеуді тапсырды.

 

Нұрасыл Ахмет