СҚО әкімдігі

Нұрлан Оспанов: “Солтүстік Қазақстан облысында да жүгері өсіруге болады

Қазақстанның оңтүстігінде ғана емес, солтүстігінде де жүгері өсіруге болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында айтылды. Шараға Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов пен қытайлық кәсіпкерлер арнайы шақыртылған. Отырыс шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ашты.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Былтыр диқандарымыз 4 млн 300 мың гектар аумаққа дән сіңірді. Қажырлы еңбек пен мемлекет қолдауының арқасында 6 млн 600 мың тонна өнім алдық. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті ұлғайтқымыз келеді. Сол себепті, жүгеру өсіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Шараға қытайлық фермерлер тегіннен-тегін шақыртылған жоқ. Аспан асты елінің диқандары жылына 300 млн тонна жүгері өндіреді. Бір қызығы, климаты біздің облысқа ұқсас. “Сондықтан аталған өсімдікті өсіруді теріскейде де қолға алу қажет”, – дейді Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов.

НҰРЛАН ОСПАНОВ, “Қазақстан астық одағы” ЗТБ төрағасы:

— Қазіргі таңда елімізде жүгері сұранысқа ие. Ол денсаулыққа өте пайдалы. Қатерлі ісікті болдырмайды. Бауыр және жүрек-қан тамырлары ауруын емдейді. Қытайда әр өсімдік пен өңірді зерттейтін ғылыми орталықтар бар. Мамандары бәрін біледі. Мысал келтірейін, бір гектар алқапқа жүгері ексек, кемінде 5 тонна өнім алуға болады екен.

Нұрлан Оспановтың сөзінше, Ресейде жүгерінің 1 тоннасы 400 мың теңге тұрады. Яғни, аталған өсімдікті өсіріп, көрші мемлекетке экспорттасақ, пайдаға кенеле аламыз. Сонымен қатар, жерлестерімізге да пайдасы тиеді.

ДЗЯНГ ДЗИНДЗИН, “Taihua Modern Agriculture Operation Management” ЖШС бас агрономы, ҚХР:

— СҚО-ның климаты біздегі Сычуань провинциясына ұқсайды. Жауын-шашын көп түседі. Бұл мәселені шешу үшін гибридтерді қолданамыз. Сонымен қатар, химиялық қоспалар жүгеріні түрлі аурулардан қорғайды. Өнімнің құнарлылығы да жоғары болады.

Теріскейлік диқандар білікті мамандардың айтқанын ұйып тыңдады. Араларында аталған өсімдікті өсіруді жоспарлап отырғандары да бар.

 

Нұрасыл Ахмет