Петропавлда хоккейден ел чемпионатының кезекті тур ойындары өтті. “Құлагер” хоккей клубы турнирлік кестеде көш бастап тұрған “Сарыарқа” командасымен кездесті. Бірінші периодта қарсыластар қақпаларына бір шайбадан соқты. Екінші кезеңде есеп өзгермеді. Ал үшінші период тартысқа толы болды. Шешуші кезеңге жаңа тактика құрған жерлестеріміз 10 минуттың ішінде қарсылас қақпасына үш шайба соқты. Бірақ, ойын соңында алаң иелерінің босаңсығанын пайдаланған қонақтар екі шайбамен жауап қатты. Матч 4 те 3 есебімен теріскейліктердің пайдасына шешілді. Айта кету керек, “Құлагер” хоккей клубы ел чемпионатында 51 ойын өткізіп, 66 ұпай жинады. Турнирлік кестеде бесінші орында тұр.
