СҚО әкімдігі

Халида Шагвалеева: «Ақпаратты дұрыс игерген адам әлемді де игереді»

“Еңбек туы” газеті Мамлют ауданында басылым ретінде алғаш рет 1932 жылы жарыққа шыққан. Тамыры тереңде жатқан газеттің қазіргі бас редакторы – Халида Шагвалеева. БАҚ өкілі 40 жылдан астам аталмыш салада қызмет етеді. Әріптесіміздің сөзінше, газет аудандағы этномәдени бірлестіктердің өмірінен сыр шертеді әрі еліміздегі конституциялық реформаларды да кеңінен насихаттайды.

ХАЛИДА ШАГВАЛЕЕВА, “Еңбек туы” газетінің бас редакторы, Мамлют ауданы:

— Біздің қоғам гүлденуі үшін әрі мемлекетіміздің дамуы үшін ұлтаралық қарым-қатынас жақсы болуы тиіс. Қазіргі таңда Мамлют ауданында 10-ға жуық ұлт өкілі мен этномәдени бірлестік бар. Олардың барлығы тату-тәтті өмір сүреді. Жаңа конституциялық жобада бұған айрықша көңіл бөлінген. Біздің басылым да осы бағытта жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Халида Шагвалеева Ата заңның жаңа жобасының 23-ші бабы бойынша да өз пікірін білдірді. Оған сәйкес мемлекет азаматтарына заң жүзінде сөз еркіндігі мен шығармашылық еркіндікке кепілдік беріледі.

ХАЛИДА ШАГВАЛЕЕВА, “Еңбек туы” газетінің бас редакторы, Мамлют ауданы:

— Конституцияның жаңа жобасының 23-ші бабында сөз еркіндігі қарастырылған. Әрине, бұл – жақсы бастама. Себебі, сын түзелмей, мін түзелмейді. Бірақ, рұқсат берді екен деп ауызға келгеннің бәрін айта беруге болмайды. Халық бұндай кезде ақпаратты тек сенімді дерек көздерден алғаны жөн деп ойлаймын. Себебі, ақпаратты дұрыс игерген адам әлемді де игереді.

Айта кетейік, қазіргі таңда “Еңбек туы” газетінде 10 маман жұмыс істейді. Олар аудан халқын өзекті ақпараттардан хабардар етеді. Келесі жылы редакция 95 жылдығын атап өтеді.

 

Ұлан Ыдырыс