Sailau banner

Балалар

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай әскери-патриоттық жарыс ұйымдастырылды

15 ақпан – Кеңес әскерилерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Айтулы оқиғаға биыл 36 жыл толады. Осы орайда Заречный кентіндегі 13-шы орта мектепте әскери-патриоттық жарыс ұйымдастырылды. Мақсат – жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, батылдық пен төзімділікке тәрбиелеу. Жарысқа 9-шы және 10-шы сынып оқушыларынан құралған 4 команда қатысты. Ұл-қыздар бес кезең бойынша бақ сынады. Олар – кермеде тартылу, газтұмшалағышты уақытқа кию, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын плащ түрінде кию. Ал соңғылары автоматты бөлшектеп, қайта жинады.

КСЕНИЯ НОВОЖИЛОВА, қалалық №13 орта мектептің оқушысы:

— Біздің мектепте мұндай патриоттық шаралар жиі ұйымдастырылады. Солардың барлығына қатысып тұруға тырысамын.

Патриоттық шараға Ауған соғысының ардагерлері де қатысты. Олар оқушылардың қабілеттерін бағалады. Қайрат Ғабдуллин Ауған соғысына аттанғанда небәрі 18 жаста болған. Ұрыс алаңында талай серігінен айырылыпты.

ҚАЙРАТ ҒАБДУЛЛИН, Ауған соғысының ардагері:

— Әскерге шақыртқаннан кейін 3 ай бойы дайындықтан өттік. Сосын Ауғанстанның Шинданд қаласына жіберді. Мен ол жақта жүргізуші болдым. Жауынгерлерді тасыдым. Соғыс ешқашан жақсылық әкелген емес. Жас ұрпақ бейбітшіліктің мәнісін түсінсе екен дейміз. Бүгінгі шара – соның дәлелі.

Жарыс барысында жастар ұйымшылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Алдыңғы қатардан көрініп, үздік атану үшін бар жандарын салды. Жарыс соңында жеңімпаздар анықталып, қатысушылар марапатталды. Қоса кетейік, облыста қазір 600-ден астам Ауған соғысының ардагері бар.

 

Мәдина Қаби