“Е-қызмет” порталы – жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда теріскейлік ұл-қыздар жұмысқа аталған жүйе арқылы орналасуда. Жаңа формат үміткерлерге науқанға кез келген жерден және кез келген уақытта қатысуға мүмкіндік береді. Жүйенің тиімділігін пайдаланып, екі қолына бір күрек тапқан жастың бірі – Сұлтанбек Сәкібаев. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы конкурс жайлы әлеуметтік желіден көрген. Бірден бағын сынапты.
СҰЛТАНБЕК СӘКІБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
— Департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасында жұмыс істеймін. Облыстағы әр басқармамен, әр ауданмен тығыз байланыстамыз. Бармақ басты, көз қыстылық әрекеттерді болдырмау үшін түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Егер жемқорлық фактілері тіркелсе жан-жақты зерттеп, тиісті органдарға жібереміз. Жұмыс оңай емес. Бірақ әріптестерімнің арқасында үйреніп кеттім.
Бұл қызметке Сұлтанбектен басқа 12 адам үміткер болған. Әрқайсының білімі тексеріліп, жеке қабілеттері сұралған. Азамат “Мемлекеттік қызметкер жауапкершілігі мол, өте ұқыпты болуы керек”, – деп есептейді. Әр адамда осы қасиеттер болса еліміз де қарыштап дамиды деп ойлайды. Айта кету керек, биыл “Е-қызмет” порталында өзгерістер орын алған.
МАДИЯР БАЛТАБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
— 2026 жылдың қаңтарынан бастап төменгі лауазымдар бойынша әңгімелесу практикалық бағалауға ауыстырылды. Бұл кезеңде үміткер құқықтық актілерге ұсыныстар әзірлеу, ресми хаттарды дайындау сияқты тапсырмалар орындайды. Биыл порталдың игілігін 20-дан астам адам көрді. Мемлекеттік қызметке тек үздік деген жастар орналасуы тиіс.
Былтыр облыста порталдың көмегімен 350-ге жуық жас жұмысқа тұрған. Биыл бұл сандар еселеп артатынына сенім мол.
Нұрасыл Ахмет