Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледждің студенттері облыстық қан орталығында қан тапсырды. Барлығы – 30-ға жуық жас келген. Әуелі олар дәрігерлердің тексерісінен өтті: бойы мен салмағы өлшенді, қан қысымы тексерілді, гемоглобин мөлшері бағаланды. Бұл – қан тапсыру алдындағы ең маңызды кезең, себебі тексерілмеген донордан алынған қан адам өміріне қауіпті болуы мүмкін.
Валентин Дигтяр, облыстық қан орталығы директорының орынбасары:
— Жастар арасында тұрақты донорлар аз емес. Бұл – тек біз үшін ғана емес, ең алдымен жастардың өздері үшін маңызды. Өйткені, олар донор болу арқылы өзгеге үміт сыйлап, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосатынын жақсы түсінеді. Бір ғана донордың өзі үш адамға дейін өмір сыйлай алады.
Орталық мамандары қатысушылардың белсенділігін ерекше атап өтті. Донор болу тек өзгелерге көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамда жауапкершілікті қалыптастырады. Бұл бастамаға алдағы уақытта колледждегі өзге де топтар қолдау көрсетпек.
ЖАНДОС МҰНАЙДАРОВ, Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінің студенті:
— Қан тапсырудың қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Донорлық қан көптеген адамдарға көмек көрсетеді. Жақындарымның ішінде бұған дейін ешкім қан тапсырмаған. Сол себепті, өзім донор болуға шешім қабылдадым. Болашақта осы мекемеге жұмыс істеуге келемін деген үмітім бар.
АЛИНА АИПОВА, Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінің студенті:
— Донорлық қан – науқастар үшін өмірге үміт сыйлайтын баға жетпес көмек. Донорлықтың маңызын терең түсіне отырып, біздің бүгінгі қадамымыз өзгелерге де үлгі болып, қайырымды іске атсалысуға ықпал етеді деп сенеміз.
Жангельді Жамалиев