Биыл жерлесіміз, опера әншісі Ермек Серкебаевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай шаһарда “Ерен дауысты Ермек” атты тарихи-музыкалық шолу кеші өтті. Шараға дарынды тұлғаның жақындары мен жастар жиналған. “Сәулем-ай”, “Айттым салем, Қаламқас” және “Құстар қайтып барады”. Бүгінгі шара барысында Ермек Серкебаевтің әндері шырқалды. Сондай-ақ, көпшілік біле бермейтін деректер айтылды. Мәселен, жуырда жергілікті архив ісінің мамандары Ермек Серкебаевтің Қызылжардың тумасы екенін дәлелдейтін құжаттарын, тіпті тұрған мекенжайын анықтаған.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
— Осыдан бірнеше жыл бұрын Петропавлдағы Амангелді көшесіндегі 60-шы үйде тұрғаны туралы нақты деректер бар. Сонымен қатар, Башқұртстан ұлттық архивінен, Омбы және Алматы қалаларынан Ермек Серкебаевтің өміріне байланысты көптеген құжат алдық.
Облыс орталығындағы өнер колледжіне Ермек Серкебаевтің есімі берілген. Өнер ордасында көптеген талантты жас өз өнерін шыңдап, дарынды тарихи тұлғаның жолын қуып жүр. Соның бірі – 4-ші курс студенті Нұрсұлтан Құсайынов.
НҰРСҰЛТАН ҚҰСАЙЫНОВ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің студенті:
— Ермек Серкебаев – менің ойымша, еліміздегі ең үздік әншінің бірі. Оның өнер жолы да қиын еді. Ол кісіні үлгі тұтамын. Бүгінгі кеште ағамыздың “Надо мной небо синее” әнін орындаймын.
Биыл өңірде әншінің 100 жылдық мерейтойына орай бірқатар шара ұйымдастырылмақ. Соның бірі – шілде айында дәстүрлі түрде өтетін музыкалық фестиваль. Шара барысында Ермек Серкебаевтің өмірі мен шығармашылығы туралы кең көрме қанат жаяды.
Ақтолқын Солтанханқызы
