Sailau banner

МТРА жаңалықтары

Беларустық делегация өңірдегі сүт фермаларын аралады

Өңірге жұмыс сапарымен келген Беларусь елінің делегациясы аймақтағы сүт фермаларын аралады. Топты Қазақстандағы елші Алексей Богданов бастады. Беларустық делегация аялдаған алғашқы нысан – Чапаево ауылындағы «Қызылжар Сүт» серіктестігі. Мұнда 1800-ге жуық қара мал бар. Оның 700-і сауылады. Сиырларды сауу мен денсаулықтарын бақылау үшін шетелдік озық жүйелер енгізілген. Іспен меймандар толығырақ танысты, әріптестік жайлы да сөз қозғалды.

ОЛЕГ ШЛЫКОВ, мал азығын өндіретін компания директорының орынбасары, Беларусь Республикасы:

— Мемлекетіміз тауарлы-сүт фермаларын дамытуға лайықты қолдау көрсетіп келеді. Беларусь елі бұл бағытта зор тәжірибеге ие. Сондықтан алдағы уақытта қазақстандық шаруашылықтармен тығыз ынтымақтастық орнатып, озық технологиялармен, жинақтаған біліммен бөліскіміз келеді. Бұл сапалы өнім өндіруге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге жол ашады.

Келесі агроқұрылым – «Дайындық» шаруа қожалығы. Мұнда делегация ферма аумағын аралап, сиырларға берілетін жемшөптің құрамын қарады, өз ұсыныстарын білдірді. Қожалық мал шаруашылығын 2019 жылы қолға алды. Басында 400 сауын сиыр болса, қазір саны 800-ге жеткен. Мұнда симментал және қызыл дат тұқымды тұяқтылар ұсталады. Күніне 8 мың литр сүт береді, нақтырақ тоқталсақ, әрқайсысынан орташа есеппен 20-25 литр ақ алынады.

ОЛЖАС ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ШҚ директоры, Аққайың ауданы:

— Кеше өңірімізге Беларусь Республикасының елшісі келді. Үлкен кездесу өтті. Елшімен бірге Беларусь елінің бизнес өкілдері де келді. Бүгін делегация біздің шаруашылыққа арнайы келіп, жұмыс барысымен танысып жатыр. Шаруашылықты толық көрсетіп, сиырларға берілетін жемшөпті таныстырдық. Олар азықтан талдау алып, өз ұсыныстарын айтуда. Қазір екі тарап арасында тәжірибе алмасу, ашық пікірталас жүріп жатыр.

Қонақтарымыз Дайындықтан бөлек, Новоникольское ауылында болды. Беларусь пен Қазақстан арасындағы бұл аграрлық ынтымақтастық қос тараптың тәжірибесін біріктіріп, заманауи технологияларды енгізуге және өнім сапасын арттыруға бағытталған.

 

Жангельді Жамалиев