Бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Ұлттың ұлы тұлғалары” атты көрме ұйымдастырылды. Шарада еліміздің тарихында, әдебиет, ғылым және өнер саласында өшпес із қалдырған тұлғалар жайлы айтылды. Көрмеге суреттері мен еңбектері қойылды. Оқырмандар назарына Жамбыл Жабаевтың және жерлес ақын-жазушылар Зейнолла Әкімжановтың, Ісләм Зікібаев пен Иван Шуховтың туындылары ұсынылып, түрлі ғалымдардың еңбектері таныстырылды. Көрмеде заман талабы – жасанды интеллект туралы да оқулықтарды кездестіруге болады.
ГҮЛНҰР БЕКІШ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы:
— Биыл Мемлекет басшысы осы жылды “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” деп жариялаған болатын. Осыған орай оқырмандар назарына жасанды интеллект жайлы жаңа кітаптарды ұсынамыз.
Кітапханашылар ерекше тоқталған тұлғалардың бірі – халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов. Біртуар жан – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Оның шығармалары халқымыздың тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын бейнелейді. Кітапхана қызметкері Қабдолла Бейісханның сөзінше, қаламгердің туындаларын көбіне ересек адамдар сұрап келеді екен. Себебі, жазушының тілі балалар үшін ауырлау көрінеді.
ҚАБДОЛЛА БЕЙІСХАН, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:
— Осы жылы барлығымыз бірігіп оқитын “Тағдыр” деген кітабы бар. Аты айтып тұрғандай бұл шығармада Шығыс Түркістанда тұрған қазіргі Қытайда өмір сүрген қазақтардың өмірі, болмысы жайлы айтылған.
Студенттер білімге толы шарадан мол мағлұмат алды. Білген-түйгендерін ортаға салысты. Кітапханашыларға сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
АНЕЛЬ АЙТПЕК, студент:
— Бүгін Қабдеш Жұмаділов жайлы біраз нәрсе білдік.
Кітап көрмесі оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Қазіргі таңда балалар кітапханасының қорында 200 мыңнан астам қазына бар.
Мәдина Қаби
