БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— 2024 жылдың күзінде облыс орталығындағы “5/15” түнгі клубында болған төбелес әлі қоғамның қызу талқысында. Бұл оқиғаға қатысты былтыр Петропавл қалалық соты үкім шығарды. Айыпталушы бірнеше жігіт бірнеше жылға сотталған еді. Бұнымен келіспеген айыптаушылардың жақындары апелляциялық сотқа өтініш білдірді. Бүгін, яғни ақпанның 9-ы күні апелляциялық сот шешім шығармақ.
Бұл төбелеске 7 жігіттің қатысы бар. Олар түн ішінде беттерін тұмшалап, клубтың кіреберісінде өздеріне шабуыл жасаған бірнеше қатарласын тепкінің астына алды. Бастапқыда өздері жұдырық жеді. Кейін қашып құтыла алмағандарын аямай сабады. Кейбірі пышақ, балға сынды заттарды қолданғаны видеоға жазылды. Кім кінәлі? Көңіл көтеру орнында шу шығарған тәртіпсіз қонақтар ма әлде қорғанып, артынша дене жарақатын салған клуб өкілдері ме? Қоғамның пікірі екіге бөлінді. Ал шешімді облыстық соттың судьясы Ербар Қалиев оқыды.
ЕРБАР ҚАЛИЕВ, СҚО сотының судьясы:
— Алдияр Тоқтарұлына, Қуаныш Нұрланұлына қатысты Петропавл қалалық сотының шешімі өзгеріссіз қалсын. Ал Асылбек Тоқтарұлы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. “Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы” заңның қабылдануына сәйкес, мына айыпталушылардың жазасы жеңілдесін. Әділ Шығанбаев – 2 жыл, 4 ай, 3 күнге, Темірлан Қасенов – 2 жыл, 5 ай, 9 күнге, Иманбет Нұрболат – 2 жыл, 5 ай, 9 күнге, Мансұр Әмірбек 2 жыл, 5 ай, 9 күнге бас бостандығынан айырылсын. Олар жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Апелляциялық соттың шешімі сотталғандардың жақындарына ауыр соққы болып тиді. 4 жыл 8 айға түзету мекемесіне қамалған Қуаныш Ілиясовтың жары Эльмира Ілиясова үкіммен мүлде келіспейді. Оның сөзінше, зардап шегуші тараптан кешірім сұралған. Таяқтың астында қалған жігіт темір тордағы айыпталушыны бостандыққа шығаруды сұрапты. Алайда, Қуаныш жақындарымен қауышып, бүгін қуантпады.
ЭЛЬМИРА ІЛИЯСОВА, сотталған Қуаныш Ілиясовтың жары:
— Сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Әділетті шешім шықты деп айта алмаймын. Қуанышты үйде 3 баласы күтіп отыр. Енді Жоғары сотқа өтініш білдіреміз.
Еңсесі түскен әке, көзіне жас алған ана мен жар. Олардың барлығы тар қапастағы ұлдары мен жолдастарын жақын арада бостандықтың ауасын жұтқызу үшін кезекті мәрте қадам жасамақ.
Байболат Құлтанов