Өңірге қыс келіп, қар түскеннен бері Петропавлдан 290 мың текше метрге жуық ақ ұлпа шығарылды. Бірақ бұл деректер кейде бұрмалануы мүмкін. Себебі, қаланы қысқы күтіп ұстауға жауапты мердігер компаниялардың техникасы расымен қарды арнайы алаңға апарды ма, жоқ па білу қиын. Осы орайда Петропавлда жаңа жүйе іске қосылды. Жасанды интелектінің көмегімен жұмыс істейтін цифрлық бағдарлама қалада қар тазалау мен оны шығару жұмыстарының жүріп жатқанын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің сөзінше жаңа технология арқылы қаржыны үнемдеуге болады. Яғни, әкімдік енді бағдарламаға енген рейс саны мен көлеміне ғана ақша төлейді.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— Біз үнемі қардың қаншалықты деңгейде шығарылатынын бақылай алмайтын едік. Енді цифрлық бағдарлама іске қосылғаннан кейін, бұл жұмыс жеңілдеді. Оған қоса қысқы күтіп ұстауға бөлінетін қаржыны да үнемдеуге болады. Биыл бұл мақсатқа 1 млрд 600 мың теңге бөлінді. Өткен жылы аталған жұмыстарға 3 млрд теңге жұмсалған болатын.
Бұл жүйені іске қосқан – астаналық компания. Өкілдерінің сөзінше, аталмыш бағдарламаның Қазақстанда баламасы жоқ.
ДАНИЯР МЕЛДЕБЕКОВ, жоба жетекшісі:
— Біздің ойлап тапқан қосымша техниканың нөмірін, оған қанша қар тиелгенін көрсетеді. Қазіргі таңда бізде оны бақылайтын арнайы 6 камера бар. Жоба әзірге пилоттық режимде жұмыс істеуде. Алдағы уақытта оны әрі қарай дамытамыз. Бұл бағдарламаның барлық шығынын өзіміз көтердік. Ол әкімдіктің көңілінен шықса оны Қазақстанның басқа да өңірлеріне ұсынатын боламыз.
Еске сала кетейік, биыл шаһарды ақ ұлпадан тазартуға 170-ке жуық техника жұмылдырылған. Жиналған қар қала сыртындағы 3 полигонға төгіледі.
Ұлан Ыдырыс