Қоғам

М.Қозыбаев университетінде Ата заңдағы өзгерістер талқыланды

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде дөңгелек үстел жиыны өтті. Оған тарих, экономика және құқық факультетінің оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Іс-шара барысында арнайы шақырылған спикерлер сөз сөйлеп, Ата заңдағы толықтырулар жайлы өз пікірлерін білдірді әрі олардың маңыздылығына тоқталды. Гүлбақша Мұсабаеваның сөзінше, заңнамадағы өзгерістер қоғамда әке институтының нығайуына ықпал етеді. Мәселен, Конституция жобасында ер адамдардың да декреттік демалысқа шығу мәселесі қарастырылған.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, заң ғылымдарының кандидаты:

— Мен медиатор болып қызмет атқарған кезде ойлайтын едім неге ажырасу кезінде көбіне баланы ана алады, декреттік төлемді де әйел адам алады. Ал ер адам ажырасқаннан кейін не баласы жоқ, не дүниесі жоқ жалғыз қалады.

Атамыш жиынға қонақ болып келген жандардың бірі – әділет департаментінің бөлім жетекшісі Мария Томас. Оның пікірінше, Ата заңдағы новеллалар интеллектуалды меншік құқықтарын қамтамасыз етеді.

МАРИЯ ТОМАС, СҚО әділет департаментінің бөлім жетекшісі:

— Ата заң жобасының 23-ші бабында интеллектуалды меншік құқықтары белгіленді. Яғни, елімізде енді авторлық құқық, патенттік құқық сынды ұғым қалыптасады. Бұл авторлар мен өнертапқыштардың, кәсіпкерлердің құқықтарын заң жүзінде қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, жиын барысында 7 спикер сөз сөйледі. Олар сондай-ақ студенттер мен ұстаздардың Конституция туралы сұрақтарына жауап берді.

 

Ұлан Ыдырыс