“Қол қусырып үйде отырғанша қоғамға пайдам тисін”. Бұл өңірдегі ең қарт волонтер – Александра Плясовскихтің ұстанымы. Көпті көрген кейуана бүгін 90 жасқа толды. Жүзге жақындаған жан – көпке үлгі. Жастармен бірге үй-үйді араламаса да бір өзінің тындырған таудай ісі талай үйге шуақ сыйлады. Александра Михайловна балаларға арнап ойыншықтар мен шала туған нәрестелерге арнап киім-кешек тоқиды.
АЛЕКСАНДРА ПЛЯСОВСКИХ, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы “Күміс еріктілер” ұйымының мүшесі:
— Қартайған шағымда тоқыма тоқуды бастадым. Бұл жұмыс маған тыныштық пен жайлылық сыйлайды. Бұйымдарымды сатпаймын, осылай қайырымдылық шараларға қатысып, сыйға тартамын. Жақында перинаталдық орталықтағы шала туған балаларға арнап таза жүннен киім және төсек-орын жабдықтарын дайындадым. Мейіріммен тоқылған дүниелерім шақалақтарға жылу беріп, жетіліп кетуіне септессе, менен асқан бақытты адам жоқ.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы “Күміс ардагерлер” ұйымының құрылғанына 5 жылға жуықтаған. 40-қа тарта адам мүшелік етеді. Белсенді қарттар өткен жылы 40 іс-шара өткізіпті. Басты назарда – көмекке мұқтаж жандар.
БЕЙБІТ ӘБІЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Бұл кісінің қайырымды істері – бізге және артымыздан ерген жастарға зор үлгі. Жасына қарамастан әрқашан іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып жүреді.
Негізі, Александра Михайловна 40 жылға жуық “Куйбышев” зауытында еңбек еткен. Аға бақылау шебері болып жүріп зейнетке шыққан. Жолдасы екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген.
Мадина Қаби